Үнді саясаткерлері ислам әлемін ашындырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үнді саясаткерлері ислам әлемін ашындырды

11.06.2022

Үндістан билігіндегі партияның екі өкілі Мұхаммед Пайғамбардың жеке өміріне қатысты мәлімдеме жасап, әлем мұсылмандарының үлкен наразылығына тап болды. Қарсылық шерулері осы елдің өзінде де өтіп, оған сан мың адам қатысты. Кейбір қалаларда демонстрациялар тәртіпсіздіктерге, полициямен қақтығысқа ұласқан.

Пәкістанның КарАчи, ПешАвар, ЛахОр қалаларында мыңдаған адам көшеге шығып, үндістандық партияның өкілі Нупур Шарманың портретін өртеді.

Бейсенбіде Нью-Дели полициясы әлеуметтік желілерде «адамдардың арасына жік салды» деп Шармаға және басқаларға қарсы шағым түсіргенін хабарлады.

Бангладеште де мыңдаған адам манифестацияға шықты. Бұған қоса, Катар, Сауд Арабиясы, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері, Ауғанстан жұрты да Делиден мұсылмандарды кемсітетін сөздер үшін кешірім сұрауды талап етіп жатыр.

Тегеран университеті маңына да талай адам жиналды. Онда наразы ирандықтар мұсылмандарды қорлауға жол берілмейтінін ескертті. Үндістан үкіметі болса, абайсыз сөйлеп, ислам әлемін ашындырған партия өкілдерін қызметтен босатқанын мәлімдеп отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу