Украинаның Мариуполь қаласында жұқпалы аурулар өршуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Мариуполь қаласында жұқпалы аурулар өршуі мүмкін

11.06.2022

Украинаның Ресей армиясы басып алған Мариуполь қаласында тырысқақ тәрізді инфекциялық аурулар тарайды деген қауіп туындап отыр. Мұны Ұлыбритания қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Ресей әскері бұл қаланы апталар бойы бомбалап, оны тас-талқан етті. Соның салдарынан инфрақұрылым мен кәріз жүйесі қирап, ауыз су ластанды. Ал, Украина үкіметінің дерегінше, сәуірде мұнда 10 мыңдай адам қаза тапқан. Көмілмеген мәйіттер мен үйінділер қазір Мариупольдегі санитарлық жағдайды мейлінше нашарлатып отыр. Ал, адамды бірнеше сағатта өлтіретін тырысқақ уланған тағам мен су арқылы жұғады.

Донбасстағы жағдайға тоқталсақ, қазір Ресей мен жергілікті армия Северодонецк қаласы үшін шайқасып жатыр. Батыс барлаушыларының дерегінше, бұл қарулы қақтығыста екі жақ та көп адам жоғалтып жатыр.

Президент Владимир Зеленский болса, Сингапурде өтіп жатқан Азия қауіпсіздік форумында видеобайланыс арқылы сөз сөйлеп, елінің бұл тайталаста басым түсетінін мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Ресей бастаған бұл шайқаста біз міндетті түрде жеңеміз. Әлемдік тәртіптің болашақ ережелері дәл осы Украинаның ұрыс далаларында айқындалып жатыр. Украина өз жерінде. Украина үшін шектен шығу Ресей аумағына кіруді білдіреді. Біз мұны қаламаймыз. Оған ұмтылмаймыз да. Бізде ондай жоспар жоқ. Біз халықаралық құқықты, кез келген мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейміз.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу