Теміртаудағы апат: Қаза болғандардың отбасына көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртаудағы апат: Қаза болғандардың отбасына көмек көрсетіледі

11.06.2022

Теміртаудағы металлургиялық комбинатта болған апаттан қаза тапқандардың отбасыларына ұжымдық келісім-шарт аясында барлық көмек көрсетіледі. Бұл туралы компания басшылығы ресми сайттарында мәлімдеді. Еске салсақ, кеше комбинаттағы цехтардың бірінде қайғылы жағдай орын алып, 4 адам мерт болған еді. Ал аман қалған бесінші адам қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, қазір оның жағдайы бірқалыпты. 28 жастағы жігіттің өміріне еш қауіп жоқ. Жұмысшылар комбинаттағы цехтардың бірінде ескі пешті бұзып жатқанда төбесі ортасына опырылып түскен. Үйінді астында қалған 5 адамның 4-уі сол жерде жан тәсілім етті. Қазір қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын бастап кетті. Оның барысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өз бақылауына алған. Ал компания басшылығы ұжымдық келісім-шарт негізінде қаза болғандардың отбасыларына барлық көмектің көрсетілетінін мәлімдеді. Айта кету керек, өткен жылы осы компанияға қарасты кәсіпорындарда 45 адам зардап шегіп, 9 адам мерт болған екен.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу