Атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын болды

10.06.2022

Атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын болды. Бұл елдімекен өткен ғасырдың 80-жылдары ірі энергетикалық кешен тұрғызу мақсатында құрылған. Балқаш көлінің жағасындағы ауылда 2000-ға жуық адам бар. Басым бөлігі балық шаруашылығымен айналысады. Тұрғындар атом электр станциясының салынуын 30 жылдан бері күтіп келеді. Құрылысқа мыңдаған адам жұмылдырылады деп жоспарлануда.

Мұнан бөлек ауыл немесе аудан емес, тұтас Алматы облысына тартылған ірі инвестициялық жоба болары сөзсіз. Бұл салық төлемдері, бюджеттің еселенуі және елдімекеннің инфрақұрылымының дамуы дейді жергілікті халық. Қазірдің өзінде бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен балабақша, жатақхана сияқты әлеуметтік нысандар қаңырап бос тұр.

Юрий Шейкин, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты:
Баяғыда біз жас кезімізде келгенбіз, құрылыста жұмыс істейміз деп. Енді зейнет жасына жеттік, әлі жоқ. Өзгеріс болады. Жұмыс орындары болады. Көп адамда жұмыс жоқ, балықпен айналысып жатыр.
Гүлнар Асанова, Үлкен ауылдық орта мектебінің мұғалімі:
Біз өзіміздің елімізде, жерімізде шығып жатқан уранды қажетімізге жаратуымыз керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, кез келген дамыған елдің қатарына енуіміз үшін бізге атом электр станциясы керек деп ойлаймын.


Хабарламаларға жазылу