Алматы облысының тұрғындары АЭС құрылысына қарсы емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының тұрғындары АЭС құрылысына қарсы емес

10.06.2022

Атом электр станциясы Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын болды. Бұл елді мекен өткен ғасырдың 80-ші жылдарында ірі энергетикалық кешен тұрғызу мақсатында құрылған. Қазіргі таңда Балқаш көлінің жағасындағы ауылда 2000-ға жуық адам бар. Басым бөлігі балық шаруашылығымен айналысады. Тұрғындар атом электр станциясының салынуын 30 жылдан бері күтіп келеді. Құрылыстың өзіне мыңдаған адам жұмылдырылып, екі қолға бір күрек табылар деген пікірде. Мұнан бөлек ауыл немесе аудан емес, тұтас Алматы облысына тартылған ірі инвестициялық жоба болары сөзсіз. Бұл салық төлемдері, бюджеттің еселенуі және елді-мекеннің инфрақұрылымының дамуы дейді, жергілікті халық. Себебі қазірдің өзінде бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен балабақша, жатақхана сияқты әлеуметтік нысандар қаңырап бос тұр.

Юрий Шейкин, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты:
Осы жерге жас кезімізде құрылыста жұмыс істейміз деп келдік. Енді пенсияға да жеттік, әлі құрылыс басталған жоқ. Еш өзгеріс жоқ. Адамдар балық аулаумен айналысып, күн көріп жүр.

Үлкен ауылының тұрғындары Атом электр станциясы құрылысынан үрейленудің қажеті жоқ екенін айтады. Себебі 30 жылдан бері заман өзгеріп, технология да дамып келеді. Сондай-ақ энергетикалық тапшылық та сезілуде. Әлем бойынша уран өндіруде алдыңғы қатарда тұрған Қазақстан үшін өз шикізатынан өнім өндіретін уақыт әлде қайда жетті, дейді үлкендіктер.

Гүлнар Асанова, Үлкен ауылдық орта мектебінің мұғалімі:
Біз елде артығымен шығып жатқан уранды өз қажетімізге жаратуымыз керек. Кез келген дамыған елдің қатарына ену үшін бізге Атом электр станциясы керек. Тәуекел деп өскен қазақпыз. Тәуекелге бел буып, осы Атом станциясының құрылысын қолдайық.


Хабарламаларға жазылу