Мемлекет басшысы шикізат тауарларының саудасы бойынша әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірі «Glencore» компаниясының бас директорын қабылдады. Гэри Нейгл Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысына қатысу үшін келген.
Кездесуде ол «Glencore» компаниясының Қазақстандағы жұмыс нәтижелері мен алдағы жоспары туралы айтты. Экономиканы көміртегінен арылту, компанияның тау-кен-металлургия және энергетика салаларындағы жұмысының жекелеген аспектілері де талқыланды. Президент экологиялық нормаларды сақтау мен өндіріске озық технологияларды енгізудің маңызды екеніне баса мән берді.