Түркістандағы Келесте мал ұрлығы 25 пайызға көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандағы Келесте мал ұрлығы 25 пайызға көбейген

08.06.2022

Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Аманжар ауылының жұрты барымташылардан әбден зәрезап болды. Сай-саланы паналғандар жайылым тұрмақ қорадағы малдан тұяқ қалдырмауға айналған. Ал полиция болса ұрты майланған ұрыларға шара қолдана алмай отыр.

Ұрының жетегінде кеткенін малына күйінген Жандос полицияның дәрменсіздігіне налиды. Басынған барымташылар бордақы малды егістік басында арқандаулы тұрған жерінен айдап әкеткен.

Жандос Анарбаев, ауыл тұрғыны:

Полицияға хабарластық. Іздестіруде, қарастырудамыз дейді.Бірақ ешқандай нәтиже жоқ.Ұсталған ұрыларға тергеу болып жатқан жоқ.

Жұрт ашулы. Ұрылар ұсталғанымен ізінше босап шығады. Кісендеп алып кетсе де іс сотқа жетпейді. Ұрланған малдың біреу-екеуінің ақшасын төлеткен соң ұры да, сақшы да ұшы-күйлі жоғалады,-дейді олар. Ауылда 100-ден аса шаңырақ бар. Бүгінде жоқ іздемеген үй бірен саран.

Темірхан Асанов , ауыл тұрғыны:

Органға барып айтсақ, учаскелік инспектор соны дәлелдеп алып кел, сонан соң алып берем дейді, Сонда біз дәлелдесек полицияның не керегі бар. Қойдан ұсталды ғой десек, ол жынды қой екен дейді. Сонда жынды қойға сот жоқ па?

Полицияның осындай әрекетінен соң жұрт шағымдануды да қойған. Арызданғанмен артынша қайтып ал деп қорқытып үркітеді немесе алдап арбайды.

Медет Есенқұлов, ауыл тұрғыны:

Участковый заявлениеңді ал, бізге отчет жабу керек, план орындалмаса болмайды, жылдың соңы деп сөзбен көндіріп алып кетті.

Келес ауданында мал ұрлығы былтырмен салыстырғанда 25 пайызға көбейген. Осыған байланысты екі тәртіп сақшысы тәртіптік жазаға тартылды. Оның біреуі тап осы Аманжар ауылына бекітілген часкелік инспектор. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ.

Ерлан Жаппаров, Келес аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары:

Қазіргі таңда Қошқарата ауылдық округі бойынша 7 факті мал ұрлығы тіркеліп тұр. Оның екеуі ашылған. Бесеуі ашылмаған. Полиция қызметкерлерімен 2 топ құрықталды мал ұрлығы бойынша. Олардың қалған істерге қатыстылығы тексерілуде.

Сенімдеріне селкеу түскен жұрт енді не істерін білмей дал. Қорқауларды полицияның пәрмені де тоқтата алар емес. Ал тайраңдаған ұрыларды құрықтап ел болып жазалайын десе, жұрт жазықты боп жазаға ұшыраудан қорқады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу