Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады

07.06.2022

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Ал келер жылы инфляция біртіндеп баяулайды.

Базалық мөлшерлеме 14 пайыз деңгейінде болады

Базалық мөлшерлемеге қатысты шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделіп отыр. Ұлттық банк азық-түлік өнімдерінің бағасы аздаған мөлшерде өседі деп пайымдайды. Бұл ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдайға байланысты. Ал жыл қорытындысы бойынша инфляция 13-15 пайыз деңгейінде болады.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:

Бірқатар ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Сыртқы факторлар олар жаңағы азық-түлік, энергетика ресурстары бағасының жоғары болуы. Геополитикалық жағдай. Логистикалық жолдардың шиеленісуі. Ал ішкі себептер, ол фискалдық политика.

2023 жылы инфляция баяулай бастайды

Бас банкир инфляция деңгейіне республикалық бюджеттің жоғары сұранысы да әсер етеді деді. Ал базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 25 шілдеде жарияланады. Биыл елде экономика өсімі 2,8-3,8 пайызды құрайды. Бұл барлық саладағы тұрақты жағдаймен тікелей байланысты.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:

2023 жылы инфляция бір жағынан 2022 жылғы жоғары база есебінен кету, екінші жағынан базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешім, сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі және іске асыру жоспарланып отырған контрциклдік бюджеттік қағида аясында біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды.

2024 жылы ішкі және сыртқы өзгерістер болмаса инфляция таргеттелетін дәлізден әлі де тыс болады. Бұл ретте оның жоғарғы шегіне қарай баяулайтыны болжанып отыр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу