Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысты. Жиында ұйым қызметінің өзекті мәселелері, өңірлік қауіпсіздік саласындағы ахуал талқыланды. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Парламент жетекшілері Ереванда бас қосты. Жиналғандар біздің елді Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумның сәтті өтуімен құттықтады. Өз кезегінде Ерлан Қошанов елде жүргізіліп жатқан реформаның маңыздылығы туралы айтып берді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының халықаралық және өңірлік деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бітімгершілік қызметінің әлеуеті жоғары. Соңғы уақытта бейбітшілік орнату жұмыстарына ұйымның Парламенттік Ассамблеясы да белсенді қатыса бастады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Өткен жылы мерейтойлық Саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздік туралы шарт ұйымын Біріккен Ұлттар ұйымының бітімгершілік қызметіне қосу туралы ұсынысын жүзеге асыру үшін қазір барлық жағдай жасалған. Бұл қадам ұйымға БҰҰ аясында бейбітшілікті қолдауға бағытталған халықаралық операцияларға қатысуға мүмкіндік береді.
Берік Көшербай