Басты Жаңалықтар Референдум – 2022: Қариялар мен көпбалалы отбасылар көпке үлгі болды

Референдум – 2022: Қариялар мен көпбалалы отбасылар көпке үлгі болды

Қазақ елі тарихи таңдау жасады. Ел тұрғындары референдум учаскелеріне барып, дауыс берді. Қазыналы қарттар халыққа ақ жарма тілегін жолдады. Көп балалы отбасылар бала-шағасын да ертіп барып, бұл саяси науқанның тұтас ел үшін, оның кішкене бөлшегі – өздері үшін де аза маңызды екенін ұғына білді.

Түркістандық Данышбаевтар референдумға тайлы-тұяғымен келді. Бұл отбасы 9 бала тәрбилеп отыр. Дегенмен, ешқайсысы әзірге кәмелет жасына толмаған. Дауыс беру құқығы болмаса да, ата-аналары оларды референдум учаскесіне әдейі алып келген. Өйткені, ел болашағы үшін маңызды шарадан қалыс қалмасын депті. Дауыс беру орнындағы мамандар бұл жанұяның белсенділігіне тәнті болып, сыйлық тапсырды.

Мейрамгүл Сапаралиева, көпбалалы ана:

Референдумға біз отбасымызбен келдік. біз үшін бұл өте маңызды. Өйткені тоғыз бала бағу оңай емес. Біз сияқты отбасылар өте көп Қазақстанда. Өзгерістер күтеміз жақсы жағынан, барлық жағынан.

Ал, Ордабасы ауданы, Төрткүл аулында тұратын Советбек Исақұлов ақсақал өз таңдауын ауруханада жатып жасады. 87 жастағы қария №467 учаскіге тіркелгенімен, денсаулығына байланысты бара алмаған.

Соғыс ардагері, ақтөбелік Ажар Оразғалиеваның үйіне комиссия мүшелерінің өздері келді. 98 жастағы кейуана әлемде, Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей бақылап отырады. Ол әйгілі Курск доғасында соғысты. Румынияны жаудан азат етуге қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алған. 10 бала тәрбиелеген әжей еліміздің болашағы жарқын боларына сенемін, дейді. Жастарымыз бейбіт өмірдің қадірін түсініп, адал еңбек етсін деген тілегін жолдады.

Ажар Оразғалиева, соғыс ардагері:

Аспаның ашық, елің тыныш, досың көп, дұшпаның жоқ, Алла тағала тек сендерге ұзақ өмір жас берсін, денсаулық берсін! Аспаның ашық, елің тыныш болсын!

Референдумға Жетесовтер де отбасымен келіп өз таңдауларын жасады. Өмірхан мен Амангүл өздерінің үш баласынан бөлек 18 баланы патронаттық тәрбиеге алған үлгілі отбасы. Оның тоғызы кәмелет жасына жетті. Ал, екеуі - Данияр мен Көркемай алғаш рет дауыс берді.

Өмірхан Жетесов, «Шашу» халықтық-отбасылық ансамблінің мүшесі:

Бір ұл, бір қызымыз кәмелет жасқа толып, бүгін дауыс беріп жатыр. Ол да біз үшін қуаныш деп есептейміз. Балаларымыздың ер жетіп келе жатқанын көріп жатырмыз. Балалар ерекше сезімде болды. Патриоттық сезімде болды. Референдум, үлкен өзгеріс болады деп жатыр ғой, бәріміз қуанамыз.

Жарасым тапқан жұп балаларын мейірім мен қамқорлыққа бөлеп отыр. Барлығы дерлік ұлттық музыкаға әуес.

Жақсыбек Кемал


Бөлісу