Түркістан облысында саяси науқанда таңдау жасау құқығына ие азаматтар саны басқа өңірлерге қарағанда көбірек. Таңнан бері 914 референдум учаскесі ашылды. 1 млн 163 мыңдай адам дауыс береді деп жоспарланды. Жалпы оңтүстіктің жұртшылығы бүгінгі шараға белсенді қатысқаны соншалық кей өңірлерде шашу шашып, мерекеге айналдырса, енді бір аудандарда қобыз тартып, көптің көіңілін көтеруде.
Данышбаевтар отбасы референдумға тайлы-тұяғымен келді. Тоғыз баласы бар жанұяда дауыс беруге тек ата-аналарының мүмкіндігі бар. Перзенттері әлі кәмелетке толмаған. Тұңғыш қызы тамыз айында 18-ге толады, ал кенжесі тоғыз айлық. Референдум учаскесіндегілер бұл жанұяның бүгінгі белсенділігіне тәнті болып, сыйлық тапсырды.
Мейрамгүл Сапаралиева, көпбалалы ана:
Референдумға біз отбасымызбен келдік. біз үшін бұл өте маңызды. Өйткені тоғыз бала бағу оңай емес. Біз сияқты отбасылар өте көп Қазақстанда. Өзгерістер күтеміз жақсы жағынан, барлық жағынан.
Ал, Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында тұратын Советбек Исақұлов ақсақал өз таңдауын ауруханада жатып жасады. 87 жастағы қария 467-ші учаскіге тіркелгенімен, денсаулығына байланысты бара алмаған. Дегенмен өтініші бойынша комиссия мүшелері ауруханаға өздері келді.
Арыста 100 жастағы әжей референдумда дауыс беруге өз аяғымен келді. Ғасыр жасаған кейуана Рысалды Бейсенбаева референдум учаскесіне немерелерімен келіп, көпке үлгі болды. Маңызды істен қапы қалмағаны үшін әжеге де естелік сыйлық табыс етілді.
Арыстықтар бұл күні дауыс беруге бір кісідей қатысып, ерекше белсенділік танытты. Апалар шашу шашып, тәттілер таратты. Мақтаралдық келіншектер де қалыс қалмай, референдумға қатысушыларға сый-сияпат жасады. Сауран ауданында науқанға қатысушылар қобызшы қыздың өнерін тамашалады. Түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың лауераты атанып жүрген Келес Елбілген отандық және әлемдік туындыларды орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы бұл күні облыс бойынша 6457 байқаушы референдум барысын бақылады. Соңғы мәліметке сәйкес, өңірде азаматтардың 78 пайыздан астамы өз таңдауын жасаған. Дауыс беру жағынан Бәйдібек ауданы 87 пайызбен көш бастап тұрса, Отырарлықтар 86, Созақ аудандарының тұрғындары 83 пайыз қатысқан. Ал, Төлеби ауданыда жергілікті халықтың 83 пайызы референдум учаскелеріне келген. Комиссия мүшеренінің айтуынша дауыс беру барысында қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелмеді.
Айнұр Ақбаева