Ел тарихындағы саяси іс-шарадан. Жамбылдықтар да қалыс қалмады. Аймақ бойынша референдумға тұрғындардың 75 пайызы қатысып, таңдауларын жасады. Халық белсенділік танытты, мемлекет болашағы үшін маңызды қадам жасады. Өңірдегі тілшіміз Нұрдос Болатұлы тікелей байланыста.
Нұрдос Болатұлы, тілші:Иә, қазір дауыс беру аяқталды. Бүгінгі таңдау жасауға келген көпшіліктің көңіл күйі мен белсенділігін көрдік. Таңнан кешке дейін учаскелерге ағылған тұрғындардың, еліміздегі саяси оң өзгерістерге дайын екенін аңғардық. Жалпы бүгін өткен референдумда облыс бойынша 492 учаске құрылып, 4 мыңға жуық комиссия мүшелері жұмыс істеді. Түрлі ұйым өкілдерінен құралған байқаушылар да әр сәтті қалт жібермей бақылап отырды.
Серғали Айдапкелов, облыстық референдум комиссиясының төрағасы:Иә, ел тарихындағы елеулі оқиғаға әулиеаталықтар бейжәй қарамады. Мемлекет болашағының жарқын болуына тікелей әсер ететін референдумға келді, дауыс берді. Алдын ала мәліметтерге сай қатысушылардың 90 пайызы тарихи сәтте өз таңдауын жасады. Бастысы Ата заңдағы өзгерістер мен түзетулер әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, ел экономикасының дамуына сеп боларына сенеді.