Алматылықтар қала әкімдігінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Қаралы жиынға шаһар басшысы Ерболат Досаевпен қатар, елге белгілі азаматтар мен саяси жүйе құрбандарының ұрпақтары қатысты.
Шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды. Қала әкімі Ерболат Досаев ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Нөсер жауынға қарамастан, шараға жүзден аса адам жиналды. Жазушы Смағұл Елбай жоғымызды жоқтау, ұлт болып қайғыра білу – азаматтық борышымыз екенін айтты.
Смағұл Елубай, жазушы:
Сонда ғана біздің миллиондар жоқтаусыз кеткен жарты халық алдындағы жалпы халықтың, жер басып жүрген халықтың парызы өтелетін болады.
Тарихшылардың сөзінше, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Президент тапсырмасынан кейін іс ілгерілей бастаған. Ғалымдар жабық құжаттарға қол жеткенін айтады.
Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы:
Зерттеу әлі 100 жыл жүре береді. Әл-Фарабиды мың жыл зерттеп жатыр ғой. Бұл әлемдік гуманитарлық апат. Бұл ғасырда да, келер ғасырда да зерттеле береді. Ал ақтау мәселесі ол кезек күтпейді. Өйткені, әруақтар ақталса, рухани тірілді деген сөз. Осы міндет орындалмай жатыр. Президент практикалық мәселелерге басымдық беріп отыр.
Бүгінгі ұрпақ үшін жанын пида еткен азаматтарымыз ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың ерлігі - ел есінде. Шараға жиналған қауым рухани сусындап, тарих қойнауын тағы бір парақтап қайтты.
Қуан Нұрақын