Ақтөбе облысында шағын ғана ауыл тұтас аймақтағы ат спортының дамуына серпін беріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында шағын ғана ауыл тұтас аймақтағы ат спортының дамуына серпін беріп отыр

30.05.2022

Ақтөбе облысында шағын ғана ауыл тұтас аймақтағы ат спортының дамуына серпін беріп отыр. Байғанин ауданындағы Қосарал елді мекенінің өз көкпар командасы бар. Ұлттық спортты жаңғыртып жүрген жастар аударыспақ пен теңге ілуден облысты былай қойғанда, ел чемпионаттарында да топ жарып жүр.

Елудей ғана түтіні бар Қосаралдың бесіктен белі енді ғана шыққан баласынан бастап ит пен атқа құмар. Ауылдың төрт түлігі тең өрген. Жігіттері соңғы жылдары ат спортын дамытуға ден қойды. Аз уақыт ішінде көкпар командасы құрылды. Қазірдің өзінде олар ел ішілік жарыстарға қатысып, жүлде де алды.

Өтеген Кенжеғазы, көкпаршы:

Аудандық спорт бөлімі мен деумеушілермен аудан чемпионаттын өткізіп бастадық 2017 жылы. Ол кезде жоғары қанды, қымбат жылқылар болған жоқ. Қарапайым аттармен. Амнуция, форма болмады, эпикериовка болмады,солай жәй-жәй бастадық.

Ауылдың жүректі де білекті жігіттерінің басын қосып жүрген Медет Бақдәулет. Ол осы ауылда жеке қожалық ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Көкпарға түсетін, бағасы 2-3 миллион тұратын аттарды әкелуге де үлесін қосып келеді. Қазір облыс құрамасында тек осы ауданның өзінен 6 көкпаршы бар.

Медет Бақдәулет, аудандық ат спорты федерациясының президенті:

Қазақшылығы мықты, өз ұлтын сүйетін азаматтардың спорты. Анау мынау адамдардың шындығын айтқызады. Қаражаты да оңай емес. Басқа аудандарда дамытып отырған азаматтар бар, солармен тығыз қарым-қатынастамыз.

Ауыл жігіттері тек көкпар емес, аударыспақ пен теңге ілу спорттарын да дамытып, жетістіктерге жетіп жүр. Рамазан Ғали бірнеше мәрте облыстық жарыста топ жарған. Бағы мен бабы келісіп, жақында ғана ел чемпионатын да ұтып келді.

Рамазан Ғали, аударыспақтан ел чемпионы:

Басқа да шаруаларымыздан қолымызды тигізіп, қатты мән береміз былай айтқанда. Көп шаруаларды тастап, сборға жиналып, бас қосып, атпен дайындаламыз. Ұнаған аттарды таңдап, кейде асаудан жуасытамыз.

Ауыл жастары бос уақыт табыла қалса, көкпар алаңында бас қосады. Бекзат өнерді дәріптеген белсенді жастар қазір кезекті сайысқа дайындықты бастап кетті.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу