«Медиамектеп» түлектеріне сертификат тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Медиамектеп» түлектеріне сертификат тапсырылды

25.05.2022

Ұлттық арна ұйытқы болған «Медиамектеп» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. Қара шаңырақта 7 ай бойы тәлім алған 30 студенттің 7-еуі тұрақты жұмысқа орналасып, 4-еуі кадрлық резервке алынды. Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі жобаға жоғары баға беріп, түлектерге арнайы сертификат табыс етті.

Медиамектеп - мүмкіндік алаңы. Студенттің тікелей жұмысқа орналасуына жол ашады. Ұлттық арнаның осы бастамасының арқасында 30 студент тегін дәріс алып, тәжірибесін шыңдады. Енді 7-еуі еңбек жолын осы қара шаңырақтан бастамақ.

Гүлзада Әбілқайыр, медиамектеп түлегі:

Әлі 4 курс студентімін, дипломым жоқ. Солай бола тұра жұмысқа тұру үлкен жетістік. Ұлттық арна ұжымына үлкен алғысымды білдіремін.

Жанар Ербол, медиамектеп түлегі:

Журналистиканы оқып жүргенде мамандықты шатастырып таңдаппын деген ой болған еді. Мұнда келген соң осы салаға деген махаббатым ашылды.

Қуаныш Өмірбек, медиамектеп түлегі:

Көрермендерден сұхбат алуды, сұрақтарды дұрыстап қоюды, режиссерлік тетіктерді дұрыс пайдалануды телевизия саласы бойынша нақты толықтай үйрендім.

Кәсіби біліктілігін шыңдаған барлық түлектерге бүгін арнайы сертификат табыс етілді. Тұңғыш республикалық медиамектеп өткен жылы қараша айында жұмысын бастады. Елдің әр түкіпірнен келген Жастар медиада жүрген мықты мамандардан дәріс алды. Телевизияның техникасы мен түрлі технологияларымен танысты. Түсірілім алаңына шықты. Сұхбаттар алуды үйренді. Сюжеттер жасады.

Ләззат Танысбай, «Qazaqstan» РТРК АҚ» Басқарма Төрайымы:

Біз үшін де сіздер үшін бұл 7 ай пайдалы болды деп ойлаймын. Жаңа білім, тәжірибе алдыңыздар. Телевизия деген үлкен сырлы әлемнің құпиясымен таныстыңыздар. Біз де жаңа маман дайындап үлгердік деп ойлаймыз.

Осылайша 7 ай ішінде өзін көрсете білген үздік студенттер іріктеліп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік туды. Министрдің пікірінше, бұл көпке үлгі боларлық жоба.

Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Ең алдымен осы медимектеп жобасы нәтижелі болғанымен шын жүректен құттықтаймын. 7 адам «Qazaqstan» Ұлттық арнасына жұмысқа орналасады. 4 адам кадрлық резервке кіретін болды. Бұл негізгі кадрлық резерв өте жақсы бастама. Біз бүкіл медиа саласына осы тәжірибені аламыз.

Ұлттық арнаның алғашқы бастамасы мұнымен тоқтамайды. Жобаның екінші кезеңге өтінім қабылдау мерзімі алдағы уақытта жарияланады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу