Осы аптада Ресей армиясы Украинаның Донбасында шабуылдарды үдетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Ресей армиясы Украинаның Донбасында шабуылдарды үдетті

22.05.2022

Украинадағы ахуалға тоқталсақ. Ресей армиясы Донбассқа шабуылдарды үдетті. Ал, Киев көршісіне жер бермейтінін ескертіп отыр. Зеленский бұл шайқаста жеңіске жетуге үміт білдіргенмен, қақтығысты дипломатия ғана тоқтата алатынын мәлімдеді. Батыс болса, Украинаға көмекті күшейтіп, ондаған миллиард доллар көлемінде жәрдемін ұсынып отыр. Арыстан Рысбек жалғастырады.

Осы аптада Ресей армиясы Украинаның Донбасында шабуылдарды үдетті. Ал, Киев көршісіне жер бермейтінін ескертіп отыр. Және де президент Зеленский бұл шайқаста жеңіске жетуге үміт білдіре отырып, қарулы қақтығысты бәрібір дипломатия ғана тоқтата алатынын мәлімдеді. Батыс болса, Украинаға көмекті тіпті күшейтіп, оған ондаған миллиард доллардың жәрдемін ұсынып отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Осы аптада Украинаның Донбасында шайқас күшейді. Ресей армиясы қазір Луганск облысын толық алу үшін ауқымды шабуылға кірісті. Негізгі қарулы қақтығыс Северодонецк қаласы маңында жүріп жатыр. Ресейліктер бүкіл майдан шебінде ұшақтарды, артиллерияны, танктерді, зымырандарды, минометтерді және зымырандарды қолданып отыр. Ал, Украина әскері елдің шығысында олардың 11 шабуылына тойтарыс бергенін хабарлады.

Донецк және Луганск обылыстарының кейбір аудандары 2014 жылы ресейшіл сепаратистердің қолына өтті. Мәскеудің ендігі мақсаты – бұл облыстарды толық басып алу. Бірақ, ресми Киев Ресеймен ымыраға бармайтынын және оған ешқандай жер бермейтінін ескертіп отыр.

Михаил Подоляк, Украина Президентінің кеңесшісі:

Себебі жеңілдік жасалса, Ресей Федерациясы шабуылдарды тіпті үдетеді. Сондықтан, бұл шайқас тоқтамайды. Ал, украин қоғамы Ресейге жер беруді немесе аумақтық концессияны ешқашан қолдамайды.

Президент Владимир Зеленский Украина мемлекеттік телеарнасына сұқбат беріп, майдан даласындағы шайқаста елінің жеңіске жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ, оның айтуынша, бұл әскери жанжалды тек дипломатия мен келіссөздер ғана тоқтата алады.

Ресей болса, «Азовсталь» зауытына бекінген украиналық 2500-дей сарбаздардың қаруын тастап, берілгенін және Мариупольді толық алғанын жариялап отыр.

Сонымен қатар, Ресей қорғаныс министрлігі «Калибр» зымыранымен Житомир облысында Батыстан жеткен қаруға соққы бергенін хабарлады.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі:

Ресей Федерациясының Қарулы Күштері Украинадағы «арнайы әскери операциясын» жалғастырып жатыр. Житомир облысындағы Малин вокзалының маңында жоғары дәлдікпен көздейтін әрі ұзақ қашықтыққа ұшатын "Калибр"зымыраны Донбастағы украин әскерлерінің тобына АҚШ пен Еуропа елдері жіберген қару-жарақ пен әскери техниканың үлкен партиясын жойды.

Бірақ, Батыс елдері де Украинаға қару-жарақ жеткізуді тіпті күшейтіп отыр. Сенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Киевке 40 миллиард долларға жуық әскери, экономикалық және гуманитарлық көмек көрсету туралы заң жобасына қол қойды. Мәскеудің ойынша, АҚШ пен Еуропа елдері санкцияларымен, Украинаны қаруландыруымен Ресейге қарсы астыртын соғыс жүргізіп жатыр. Мұны қарсы жақтар жоққа шығарды.

Осы аптада «Үлкен жетілік» елдерінің қаржы министрлері Германияда бас қосып, Украинаға тағы 9 жарым миллиард доллар экономикалық көмек беруге уағдаласты. Осылайша, қарулы қақтығыс басталғалы әлемнің ең бай елдерінің Киевке көрсетіп жатқан жәрдемінің көлемі 20 миллиард долларға жақындап қалды.

Кристиан Линднер, Германия қаржы министрі:

Екі сандық миллиардтарды көріп тұрмын. Мен таяу айларда Украинаның өзін-өзі қорғауына қажетті қаражатты «Үлкен жетілік» жинап бере алады деп сенемін.

Ресейдің «Газпром» мемлекеттік компаниясы болса, Финляндияға газ экспортын тоқтатқанын хабарлады. Мәскеу Украинаға әскер кіргізгеннен кейін Батыс елдері Ресейге санкция жариялады және Хелсинки де көгілдір отынның құнын рубльмен төлеуден бас тартты.

Бұған қоса, Финляндия Швециямен бірге осы аптада НАТО әскери альянсына қосылуға өтініш берді.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу