Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Қушоқы кентіндегі жылу қазандығының жұмысшылары қысқарып қалды. Жұмыс беруші тарап отынның қымбаттығына байланысты шығын көбейіп, электр энергиясы үшін миллиондаған қарызға баттық деп отыр. Сол себепті жаз айларында мұндағы мамандарды алдағы жылу беру маусымына дейін уақытша қысқартуға жіберген.
Бұрын қазандық көмір өндіруші компанияға тиесілі болғанда ұжым жаз айларында жөндеу жұмыстарымен айналысатын. Айлық және әлеуметтік төлемдер толық төленіп келген. Кейін кеніште көмір түгесілген соң, қазандық ауданға өткен. Ал аудан тендерді ұтып алған компанияның қызметін пайдаланады. Содан бері жазда жұмысшылар табыссыз қалып келеді.
Берік Ахметов, Қушоқы кентінің тұрғыны:Бессодержание ғой сол. Енді мынау биржа трудамен төлейміз дейді. Бізде кредит бар мойынымызда. Бұрын разрездің кезінде жақсы болған. Жаз бойы бәрі төленіп, сөйтетін. Түгел қазандықтарды жөндейтінбіз. Қазір ондай дайындық, түкте жоқ. Сол ақшаға келіп тіреледі.
Диана Дробот, Қушоқы кентінің тұрғыны:Менің екі балам бар. Бірі мектепте, екіншісі балабақшада. Еңбек биржасына көмек сұрап барғам. Алайда университетте сырттай оқисыз, сондықтан жұмыссыздар санатына жатпайсыз деген жауап алдым. Енді отбасымды қалай асырайтынымды білмеймін.
Жұмыссыз қалғандар еңбек биржасына тіркеліп, қоғамдық жұмыстарға тартылады. Егер құжаттары сәйкес келсе, зейнетақы қорынан да азын-аулақ әлеуметтік төлем беріледі.
Нұргүл Досаева, Бұқар жырау ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры:Қоғамдық жұмыстар дегеніміз бұл жерде жұмыс өтілі талап етілмейді, білім талап етілмейді. Өздерінің тарапынан жұмыс істеймін деген ниеті болса болды. Айлықтар енді қолдарына 54 мың теңге. Қоғамдық жұмыстардың еңбекақысын жұмыспен қамту орталығы, ал әлеуметтік төлемді зейнетақы орталығы төлейді.
Алайда бұл түбегейлі шешім емес. Жұмысшылар тарап кеткен соң қайта жинау қиын болады,-дейді компания өкілдері. Ал олардың артында 4 мың тұрғыны бар кентті жылумен қамту мәселесі тұр. Серіктестік 2 жылда қыруар қарызға батқан. Тек электр энергиясы үшін 70 миллион теңге берешегі бар. Бұған себеп отынның қымбаттығы. Қаражаттың көбі сонда жұмсалған.
Евгений Воронов, Коммуналдық кәсіпорынның директоры:Көмір өндірушілер біз сияқты әлеуметтік маңызға ие нысандарға жауаптылар үшін көмір бағасын шарықтатпауы керек қой. Мысалы өткен жылу беру маусымында көмір 60 пайызға дейін қымбаттады. Оның үстіне кемі 80 шақырым жерден тасимыз. Салдарынан кәсіпорынның қарызы бірден өсіп кетті.
Қазандықтың да тоз-тозы шыққан. Жөндеуге қаражат тендер арқылы бөлінетіндіктен, ақша қуған әумесерлер байқау кезінде бағаны тым азайтып, соңында мардымды жөндеу жасалмайды. Бүйте берсе қолда бардан айырылып қалу қаупі бар. Жұрт жертөлеге пеш салып, салдарынан Шахандағыдай жағдай қайталануы мүмкін ғой,-дейді мамандар.
Руслан Нұрланұлы