Шу тұрғындары судан тарығып отыр. «Сахзавод» шағын ауданы қала құрамына кірсе де, әлі күнге дейін ауыз су жүйесі тартылмаған. Ал құдық суынан күдіктенген тұрғындар, оның құрамын тексертіп анықтамасын да алған. Сараптамада суда адам денсаулығына зиян элементтер бары анықталған. Бұдан бөлек, ауданда жол мен көше жарығының жоқтығы, жергілікті тұрғындардың басты проблемасына айналған.
Қала халқының жалғыз тілегі осы. Солардың бірі - Сарабек Айтжанов. Шағын ауданда 40 жылдан бері тұрады. Тіршілік нәрінен тарықпаудың жолын іздеп, талай мәрте табалдырық тоздырған.
Сарабек Айтжанов, қала тұрғыны:
Әкімдіктердің есігін тоздырдық. Тек ауылдық жерге ақша бөлінеді, сіздерге бөлінбейді. Сонда біз қаланың адамдары халық емеспіз ба білмеймін. Су тапшылығынан, суды ішуден жадап жатырмыз. Денсаулыққа да зиян.
Шағын аудан қаланың шетінде болғаннан кейін шетқақпай көріп келеді. Әкімдік өкілдері мәселені шешудің жолын қарастырып жатырмыз дейді. Оған бюджеттен 1 миллиард 720 миллион теңге қаржы да бөлініп қойған.
Жандос Айманбетов, Шу қаласы әкімінің орынбасары:
Сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, «Сахзавод» мөлтек ауданында қосымша үлкен су ұңғымасын қазу жоспарланған. Қаражаты бөлінген. Яғни, 1700-ден аса тұрғынды таза ауыз сумен қамту.
Ауыз судан бөлек, жолдың да жайы мәз емес. Көше жарығының жоқтығы да тұрғындарды әбден мезі еткен.
Несіпкүл Тоңғатарова, қала тұрғыны:
Осы көшенің тұрғыны ретінде бұл асфальтті күткенбіз. Неше жыл бұрын салынып қойды деген. Енді биыл салынды. Сол енді біз жарық, су күтіп отырмыз. Солар салынса тіпті жақсы болып кетер еді.
Аудан орталығында 362 көше болса, оның 40 пайызы тозған. Былтыр 50 көше жол картасы байынша жөнделсе, биыл тағы 25 шақырым жолдың құрылысы басталмақ.
Жадыра Каликов, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Шу аудандық әкімдігі тарапынан 31-32 жол жасалынады. 25 шақырым. Соның ішінде 5-і «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы 155 миллион теңге қаражат қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта мердігерлер анықталып жол жөндеу жұмыстары басталды.
Қазір өңірдегі 4 ауылда, екі елді мекенде ауыз су жоқ. 2025 жылға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаржы бөлінсе, судың мәселесі 100 пайызға шешіледі, дейді жауапты басшылар.
Нұрдос Болатұлы