БҚО-да жерге қатысты сотқа 100-ге жуық талап арыз түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да жерге қатысты сотқа 100-ге жуық талап арыз түскен

17.05.2022

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында ауыл тұрғыны «жалға алған жерімнің 300 гектарын бұрынғы әкімнің баласы иемденіп кетті» деп шағымданды. Қолындағы құжат бойынша жер – өзінікі, ал картада өзгенікі. Өңірде осындай жер дауына қатысты әкімшілік сотқа жергілікті орган басшыларының үстінен 100-ге тарта талап арыз түскен.

Ағила Ақылбекованың әкесі 2008 жылы Бекмағамбет қыстағынан 300 га жер алып, қожалық ашып, шаруашылық құрады. Кейін сол аумақтан тағы 700 га жер жалға алады. Бірақ бастапқыда алған жері кадастрда қыстақта емес, басқа аумақта көрсетіліп тұр.

Ағила Ақылбекова, шаруа қожалығының иесі:

2015 жылы аудан әкімі Лавр Хайритдинов әкім боп тұрғанда, өзінің баласы Рашидов Азатқа 2 мың гектар жерді атына жазып беріпті. Сол 2 мың га ішінде менің 300 га жерім кіріп кеткен. Құжат бойынша солай, кадастр нөмірі бойынша басқа бір жерде тұр.

Әкімнің баласы бізге сұхбат беруден бас тартты. Айтуынша, құжаттары дұрыс, жер өзінікі.

Жер кадастры бөліміндегілер Ақылбекованың жері ауыл маңының етегінде тұрғанын айтады.

Бекзат Оразалин, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО филиалы директорының орынбасары:

Былтыр арызданғанда ол 300 га жерімді көрсетіп беріңіз деді. 300 гектары көрсетілді. Бұл дауды шешу үшін екеуінің жер учаскелерін нақтылап, шекарасын, қазықтарын қағып, көрсетуіміз керек. Ол үшін ол кісілер арыздануы керек бізге. Сол кезде біз барып көрсете аламыз, кімнің жері қай жерде орналасқанын.

Шағымданушының айтуынша, мамандар көрсеткен жерді қазір Хамитов деген тағы бір қожалық иеленіп алған. Ол да «малыңды әкет» деп жақындатар емес. Аймақта мұндай мысалдар өте көп. Тек бір жылда жер дауына қатысты әкімшілік соттарға жергілікті орган басшыларының үстінен 100-ге жуық талап арыз түскен.

Талғат Бәйкенов, «Shopan ata» республиклық қауымдастығының облыстық филиалы басшысы:

Шаруа қожалығы 10 жылдың үстінде пайдаланып келеді, ал он жылдан кейін басқа адамдар келіп, қазық қағады. Әрине, ол әділетсіздік. Шешімнің бірі – соттағы адамдардың әділ қарауы, манипуляцияны анықтау.

Ағила қазір сиыр сатып алуға рәсімдеген 5 млн теңге несиесін төлеп, шығынға батып отыр. Кезінде жер бергенде актіге қол қойған аудан әкімдігінің өкілдерінен қайыр жоқ. Бар үміті енді сот билігіне байланып тұр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу