Түркістан облысы Қазығұрт ауданында да демалыс күні нөсер жауын жауып, сел жүрді.
Жауын салдарынан 13 көшедегі жетпіске жуық үйдің ауласын су шайған. 14 баспананың жертөлесіне су кіріп, қосымша құрылыс нысандары мен қора-қопсылар судың астында қалды. Мал шығыны болмағанымен 2 қора құлап, 1 тұрғын үй тұруға жарамсыз болып қалды. Оның тұрғындары уақытша басқа баспанаға көшірілді. Тұрғын үйлер мен аулаларды судан тазарту жұмыстарына 120 адам мен төтенше жағдай бөлімінің 38 қызметкері жұмылдырылды. Сарыағаш пен Ордабасы аудандарынан да мамандар көмекке келіп, арнайы техникалармен суды сорғызып жатыр. Еріктілер мен ауыл тұрғындары бірлесіп, зардап шеккен жергілікті халыққа көмек көрсетті. Енді арнайы комиссия келтірілген шығындарды есептейтін болады.
Айнұр Ақбаева