Ақмола облысына қарайтын Кеңбидайық ауылының тұрғындары өздері сайлаған әкімдеріне дән риза - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысына қарайтын Кеңбидайық ауылының тұрғындары өздері сайлаған әкімдеріне дән риза

15.05.2022

Былтырғы саяси реформалардың бірі – ауыл әкімін сайлау еді. Мажоритарлық модель тұрғындарға елдімекен басшысын дауыс беру арқылы таңдауға мүмкіндік берді. Ақмола облысының Кеңбидайық ауылына барып келген Сәбит Әлдебайдың материалы.

Ақмола облысына қарайтын Кеңбидайық ауылының тұрғындары былтыр ауыл әкімі орнына үш азаматты өздері ұсынып, сайлауға салған. Олардың арасында ауыл әкімдігінде бас маман болып жұмыс істеген Амангелді Әбішов те бар. Ауыл халқы «өз ісін дөңгелетіп әкетеді деген әкімді дөп басып таңдадық» деп қуанып отыр.

Сәлима Жұмашова, Кеңбидайық ауылының тұрғыны:
Қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылда тазалық жүріп жатыр, асфальт салынып жатыр, су келді, ауылдың тұрғындарымен ақылдасып, ұйымдасып істейді бүкіл жұмыстарын атқарып жатқан.

Елордадан небәрі 80 шақырым жердегі ауыл жұрты бұған дейін ауыз суды тасып ішетін. Бүгінде бұл мәселе артта қалды. Ал, ауыл көшелеріндегі жолдар кеңестік кезеңнен бері күрделі жөндеу көрмеген. Бүгін ауылдағы орталық көшелер жөнделіп жатыр. Мұндағы маусымдық жұмысқа жұмыссыз азаматтар тартылған.

Сабыр Бейсекеев, Кеңбидайық ауылының тұрғыны:
«Ауылдағы жол» бағдарламасымен екі көшеге асфальт салып жатыр. Міне келді асфальтный бригадалар, бастады, соның ішінде ауылдың жастары жұмыссыз жүрген жұмысқа алынып жатыр.

Ауылда көптен бері жүргізілмеген абаттандыру жұмыстары аяқталған. Орталық көшелерге жарықшамдар орнатылып, ауыл ажары ашылып, базары қайта қайнай бастапты.

Көпшілік ауыл бюджетіне түсетін қаражат пен шығындарды өздері есептейді. Ол үшін қоғамдық қауымдастық пен арнайы комиссия құрылған. Қаражаттан шашау шығармай үнемдегеннің нәтижесінде қосымша көшелер жөнделеді.

Амангелді Әбішев, Кеңбидайық ауылдық округінің әкімі:
Барлық жоба істесем де, қандай жұмыс атқаратын болсам ауылда осы ауылдың халқымен, ауыл ақсақалдарымен ақылдасып жұмыс атқарамын. Осы көшенің жобалық сметалық құжаттарын дайындау кезінде де қоғамдық қауымдастық мүшелерімен ақылдастым, қай көшеге асфальт саламыз, қай көшеге тас төсейміз деп.

Қазір ауыл тұрғындары үнемделген бюджет қаражатына қосымша пилоттық жобаны іске қосқан. Енді тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинағандардың үйінен қоқыс тегін шығарылады. Ал, малдың қиы егін алқаптарына тегін тасымалданады. Осылайда ауылдағы өзекті мәселелер ауыл халқының өзі араласуымен шешімін тауып келеді. Тірлігі қайта қайнап, түлеген ауылға қоныс теуіп жатқандар да бар.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу