Үкімет отырысы: 4 айда экономика 4,4 пайызға өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы: 4 айда экономика 4,4 пайызға өсті

12.05.2022

Жыл басынан бері экономикамыз 4,4 пайызға өсті. Бұған негізінен экспорт көлемінің ұлғайғаны, қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділіктің артқаны және нақты сектордағы өсім 5,1 пайызға көбейгені әсер етті. Бүгін Үкіметте қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің атқарылуы қорытындылары қаралды. Сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы және басқа да бірқатар салада оң өсім бар. Сыртқы сауда тауар айналымы 45 пайызға артқан. Отырыста респбликалық бюджеттің кірісі мен шығысы, игерілмей қалған қаржы туралы да айтылды. Премьер-Министр сыртқы келеңсіз әсерлерді азайту және ұлттық экономиканың одан әрі дамуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жандандыруды тапсырды. Азық-түлік бағасы инфляцияның артуына әсер етіп тұр. Жалпы, мұндай жағдай барлық елде байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша дүние жүзінде азық-түлік бағалары соңғы 12 айда 36 пайызға өсті.
 Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: 
Әлемде, әсіресе, қант, ет және сүт өнімдерінің бағасы өсіп барады. Бұл өз кезегінде біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта Үкімет инфляцияны тежеу бойынша тиісті шараларды қабылдауда. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысты тиімді қамтамасыз етіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек.

 Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу