Жаңаөзен қаласында нөсер жауынның салдарынан 3 мектеп пен 1 балабақшаның жертөлесін су басты.
Оқушылар бүгін онлайн режимде оқыды. Сондай-ақ, толассыз жауынның кесірінен 4 тұрғын үйге су кірді. 43 үйдің ауласын шайып, көшелер көл-дария болды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Ал, Жаңаөзен-Жетібай бағытындағы көлік қатынасы қиындады. Себебі сел жүріп, жолды су шайып кетті. Синоптиктер алдағы күндер де жауын-шашын болып, тіпті кей жердерде бұршақ жаууы мүмкін екендігін хабарлайды.
Нұржан Борашев, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайларын басқару басқармасының бастығы:
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен қазіргі уақытта су сору жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар да бар. Өзен қаласының мекемелерінің арнайы техникалары жұмылдырылуда. Қанша үйді су алғаны туралы және қанша ауланы су басқаны туралы толық ақпарат алу үшін, қызметкерлер жұмыс жасауда.