Түркітілдес елдері Бас мүфтилерінің Алқасы құрылады. Бүгін Түркістанда бас қосқан түркі мемлекеттерінің дін басшылары Алқа ережесін жан-жақты талқылап, пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ бауырлас елдердің рухани бірлігін нығайту жайы да сөз болды.
Жаһандық сын-қатерге қарсы тұру үшін түркі жұртының ынтымағын арттыру, ортақ мұраны дәріптеу және оқу-ағарту саласында бірлескен жобалар жүзеге асады. Бүгінгі жиында осы мәселелерге басымдық берілді. Сондай-ақ, бес елдің дін басылары деструктивті ағымдардың теріс үгіт-насихатына жол бермеу мақсатында ортақ келісімге келді.
Али Ербаш Хазрет, Түркияның дін істері басқармасының басшысы, Бас муфти:
Тілі мен діні, тарихы мен мәдениеті бір мұсылман елдерінің бірігуі қазіргі заманда ең басты күш саналады. Осы елдердің тыныштығы, тұрақтылығына дін арқылы әсер ету біздің негізгі міндетіміз. Қазіргідей алмағайып заманда баршамыздың дін насихатында ортақ болуымыз өте маңызды.
Келелі жиында Түркия мен Кавказ, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің дін басылары түркітілдес мемлекеттердің муфтилері алқасын құру жөніндегі бастаманы талқылап, пікірлерін ортаға салды.
Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, Бас муфти:
Осы түркітілдес елдері муфтилер алқасының ережесі дайындалып жатыр. Бүгін біз оны талқылап өттік. Дегенмен оны тағы да ары қарай жетілдіре түсіп, келесі кездесулерімізде осы ережелерді бекітеміз деген ойымыз бар.
Ислам өркениетінің дамуына және түркі дүниесінің рухани және мәдени мұрасын кеңінен насихаттауда осындай басқосулардың маңызы зор. Әлеуметтік-экономикалық, саяси-идеологиялық мәселелердегі кез- келген қайшылықты ортақ мәмілеге келу арқылы шешуге болады.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Бұл шараның ең басты маңыздылығы – біздің мүфтияттар мен дін басқармаларының байланысын нығайту, күшейту және ортақ ұстанымды табу. Қазақстанда дәстүрлі дін өкілдері осындай алқаларды, осындай алаңдарды құрса, біз тек қана қолдауымызды білдіреміз.
Жиын соңында Түркістандағы көшелердің біріне түркі әлеміне ортақ тұлға Түркия Республикасының Премьер-Министрі болған Аднан Мендерестің есімі берілді.
Айнұр Ақбаева