Түркістан облысындағы Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласында шіркей қаптап кетті. Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасының маңындағы елдімекендерде тұрғындар жәндікке таланып жатыр. Кейбірі тіпті қас қарайғанша үйде қамалып отырамыз дейді.
Қаптаған шіркейді құртуға қауқарымыз жетпейді, дейді тұрғындар. Көктемнің әрбір күні жылға азық деген шаруалар тіпті егістікке де шыға алмай қалған. Тек таңғы ала кеуім мен қас қарайғанды күтетіндерін айтады.
Орынбасар Досов, Сарыкөл ауылының тұрғыны:
Көктем айы аяқталып келе жатыр, мында егіс егу керек. Поляда жұмыс істеу керек. Оған да еш мүмкіндік жоқ. Қас қарайғанша осы шіркей маза бермейді. Жұмыс істей алмаймыз ешқандай. Шіркейге қарсы қозғау жоқ, ноль деп айтуға болады.
Аллергиясы бар немесе қан қысымы жоғары тұрғындар да қазір үйінен аттап баспай отыр. Ересектермен қоса оқушылар да мектепке де тор бас киім киіп баратын болған. Себебі ашық жүрсе зиянкес көз бен мұрын түгілі киімдеріне кіріп, шағып тастайды екен.
Ажар Өмірзақ, оқушы:
Үстімізге жара шығады, иод жағамыз. Мазь жағамыз. Осыны сабаққа киіп барамыз. Сонда да таланып жатырмыз. Түнімен қасынып шығамыз.
Замира Мұсаева, балабақша қызметкері:
Балалар келеді садикке, кешке дейін қамауда. Ешқайда шығара алмаймыз. Осы шіркей деген шаршатты. Жылдағыдан көп биыл. Ешқандай дизенфекция жасалып жатқан жоқ. Жылда жасайтын. Кеткенше балабақшаның ішінде қамауда балалар.
Шіркейден төрт түлік те жайылымға шығудан қалыпты. Әсіресе қара мал мен үйдегі тауықтар шыдамайды екен.
Ерлан Алтанов, мал дәрігері:
Малдың да бет аузын жеп қояды ғой, жаңа туған төлдерді жеп қояды. Ен салған кезде құлағын қанатып жібереді ғой. Көзден шағады, құлақтан шағады. Жаңа туған балапандар өліп қалып жатыр.
Қазір шіркей шағып, емхана мен ауруханаларға қаралатындар қатары күрт көбейген. Олардың көпшілігі балалар дейді емхана қызметкерлері. Денесі бөрткендерге ем көрсетілсе, асқынған науқастар аудан орталығына жөнелтіледі. Ал, зиянкестерді дәрілеу қазір өңірдің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына жүктелген.
Бақтыбек Убайдин, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
Былтырғы жылдан бастап осы наурыз айына дейін сот рәсімдері жүргізілді. Соған байланысты біз үлгермей қалдық. Біз енді келесі жылға дайындаймыз. Есептерінің барлығын келесі жылдың бюджетіне енгізіп, 2023 жыл басынан жұмыстарды атқаруға жұмыс жасаймыз.
Оның үстіне биылғы көктемнің жаңбырлы болуы шіркейлердің көбеуіне сеп болған. Мамандар бұл жәндіктер енді тек шілдеде азая бастайтынын айтады. Оған дейін әлі екі ай бар.
Айнұр Ақбаева