Шымкент қаласында 160-қа жуық шаруаның ерте көктемнен бергі еңбегі еш кеткелі тұр. Топыраққа отырғызылғалы бірде-бір рет су ішпеген көкөністер шөлден қурауға айналған. Ал ағын су жүретін каналды жөндеуді былтыр бастаған мердігер компания сылбыр қимылдап, жұмысты бітіре алатын емес.
Осыдан бір ай бұрын себілген жоңышқа тұқымы әлі көтерілген жоқ. Көктемдегі жаңбырдың ылғалымен тамыр байлағанымен әрі қарай өсе алмай тұр. Сондай-ақ жоңышқалықтың арасына отырғызылған жеміс көшеттерінің алды да қурай бастаған. Шаруа егіс басталғалы 8 гектар жерге екі жарым миллион теңге шығынданған.
Комилбой Ергешов, шаруа:
Шығып келе жатқан өскінді жаңбыр қатырып тастаған беткі қабат буып қалған. Әлжуаз сабақ ортасынан сынып, тамырынан ажырап қалып жатыр. Су болса топырақты жібітер еді. Биыл мына жерден өнім аламыз деген үмітіміз үзіліп барады.
Ал егістікке жылдағыдай құлпынай еккен Мүтәлхан Сапарбаев болса, көпжылдық көшеттің тамырын сақтап қалу үшін техника жалдап, жаңбырлатып суғаруда. Шығыны көп болса да өзге амалы жоқ. Жылда алақандай жерден 10 тоннадай өнім жинайтын. Биыл оның ширегін де ала алмайтын болдық, дейді шаруа.
Мүтәлхан Сапарбаев, шаруа:
Базарға алып шыққанда шеттен келетін құлпынайларға ұқсап қымбат болмайтын еді, біздікі арзан болатын еді. Халқымыз, еліміз біздің құлпынайды жер еді. Өзіміздің табиғи құлпынайды. Қатып қалды. Өспейді. Уақыты өтіп кетті мұның.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Осы канал арқылы шаруалар 43 жылдан бері егістігін суарып келеді. Алайда оның табанына төселген бетон науалардың ескіргенін алға тартып, бұзып тастады. Бірақ онымен жөнделген ешнәрсе жоқ. Бүтін науалар жол жиегінде шашылып жатыр.
Каналдың жөнделуі тиіс 14 шақырымының бүгінге дейін тек екі мың метрден астамы ғана жаңартылған.
Нұрсұлтан Кенжебаев, Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
Биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты кеш басталды. Күрделі жөндеуді тоқтатып қойып, су берсек ауа райы қолайсыз болса, қайтадан созылып кете береді. Сол үшін қасынан басқа арна жасап, 1 мамырдан бастап кезең-кезеңімен суды жібере береміз.
«Көк» каналына күрделі жөндеу жүргізу үшін қазынадан 317 миллион теңге бөлінген. Құрылыс биыл мамыр айында аяқталуы тиіс еді. Кестеден кешіккені үшін бірнеше рет айыппұл да салынды. Бірақ әзірге мұндай жаза мердігердің ісін ширата алмай тұр.
Ғани Қалмаханов