Ресей Президенті Владимир Путин Батыс елдеріне ескерту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей Президенті Владимир Путин Батыс елдеріне ескерту жасады

28.04.2022

Украинадағы әскери қақтығыс 64-күнге ұласты. Ресей күштері елдің шығысында шабуылды күшейткен. БҰҰ-ның бас хатшысы Буча мен Бородянка қалаларына барды. Ал Ресей Президенті Владимир Путин Батыс елдеріне ескерту жасады.

Дипломаттың сапары. БҰҰ Бас хатшысы Буча мен Бородянкаға барды

Ресей күштері Украина әскерінің солтүстіктен шығысқа қарай жылжуына тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Шайқас әсіресе Слобожанское және Донецк бағыттарында күшейген. Ал, БҰҰ-ның бас хатшысы Ресей күштері соққы берген Буча мен Бородянка қалаларына барды. Антониу Гуттериш "21-ғасырда соғысқа жол берілмеуге тиіс" деді.

Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы:

Мен мына қираған үйлердің бірінде өз отбасымды елестетіп отырмын. Немерелерім үреймен жүгіріп бара жатқаны елестейді. Бұл үйлерде жазықсыз адамдар тұрды ғой. Олар өздері бастамаған соғыстан зардап шекті.

Бүгін Гуттериш Зеленскиймен кездесіп, Мариуполь тұрғындарын эвакуациялауды талқылайды. Бас хатшы бұл мәселені Путинмен де талқылаған. Ал Мариупольда "Азовтың" бақылауындағы аумаққа үздіксіз оқ жаудырылды. "Азовсталь" зауытында қоршауда қалған украиналық сарбаздардың командирі мәлімдеме жасады.

Сергей Волына, №36 теңіз жаяу әскери бригадасының командирі:

Біздің бөлімшеде 600-ден астам адам жараланған. Медициналық көмек қажет. Бейбіт тұрғындардың арасында да жараланғандар бар. Оларға қолдан келгенше көмек беріп жатырмыз. Менің бүгін айтарым: Мариупольдегі гарнизонды құтқарыңыздар. Экстракшен процедурасы арқылы. Қазір 1940 жыл емес, қазір 2022 жыл. Көмектеседі деп үміттенеміз.

Шұғыл жауап. В. Путин батыс елдеріне ескерту жасады

Кремль болса, Украинаға ауыр қару жеткізіп жатқан Батыс елдерін сынға алды. Бұл әрекет Еуропаның қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп мәлімдеді.

Мария Захарова, Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

Батыс елдері Киевті НАТО елдерінен алған қарумен Ресейге шабуыл жасауға ашық түрде шақырып отыр. Соңғы бірнеше аптада Украина қарулы күштері Ресеймен шекаралас аудандарға оқ жаудырды. Одан жапа шеккендер бар. Мұндай әрекетті жауапсыз қалдыру мүмкін емес.

Бұған дейін Владимир Путин Украинада болып жатқан оқиғаларға араласқан елдерге шұғыл жауап беретінін ескертті. Ресей президенті мұндай соққы беру үшін қажетті құралдың бар екенін және керек болса қолданатынын айтты. Кейбір басылымдар Путин бұл мәлімдемесі арқылы ядролық қаруды меңзеп отыр деп мәлімдеді. Ал НАТО болса, осыдан кейін Украинаға қандай заман болмасын көмегін аямайтынын айтты.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу