Бір бөлігі патша заманында, енді бір бөлігі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған. Қостанай облысындағы Жуков аулының балалары тозығы жеткен ғимаратта оқып жатыр. Бұл елді мекен қаладан небәрі 35 шақырым қашықта. Табиғи газбен қамтылған, бірнеше ірі шаруашылықтары бар, тіршілікке қолайлы. Алайда мектептің талапқа сай келмеуі сырттан жұмыс күшін тартып, ауылды одан әрі көркейтуге басты кедергі.
Артем Котин қаладан келіп осындағы құс фабиркасында еңбек етіп жатқан жас мамандардың бірі. Жұмыс орны оған он жыл тұрса жекешелендіріп алу мүмкіндігімен жаңа үй берді. Ауылдағы тірлігі көңілінен шығып тұр. Тек кішкентай қызының келешегіне алаңдайды. Себебі мектеп ғимараты талапқа сай келмейді. Өте ескі. Бір бөлігі 1847 жылы, енді бір бөлігі 1970 жылы салынған. Іргетасы іріп, іші-сырты түгел шіріп жатыр.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Жуков ауылындағы білім ордасы мектептен гөрі ескі-құсқы сақтайтын сарайға көбірек ұқсайды. Қабырғасы кедір-бұдыр, едені мен төбесі де әбден ескірген. Есік-терезесі де ескі үлгідегі дүниелерден салынған. Ең бастысы жылу қазандығы да мектептің ішінде тұр. Бұл талапқа сай келмейді. Өте қауіпті.
Спорт залы жоқ. Денешынықтыру сабағы қуықтай бөлмеде өтеді. Солтүстікте ұзаққа созылатын суық уақытта балалар тек жеңіл-желпі жаттығу жасаумен шектеледі. Күн жылығанда ғана доп қуып, алаңсыз бой жазуға мүмкіндік туады.
Евгений Бледных, оқушы:
Мен қалада тұрғанда күреске қатысып, аудандық жарыста бірінші орын алғанмын. Мұнда күрес үйірмесі жоқ. Сондықтан қазір шашка үйірмесіне ғана барып жүрмін.
Мектепте заманауи зертхана, акт залы тұрмақ қарапайым киім ілгіш те жоқ. Кіреберіс, жоғарыға көтерілетін баспалдақ тар. Бетін қанша жамап-жасқағанымен екі ғасырлық ғимараттағы әр дүниенің барынша ескіргені көзге ұрып көрініп тұр.
Сара Аязбаева, мұғалім:
Интерактивті тақта жоқ. Менің кабинетімде тұрған шкафтар 70-80 жылдардағы ма білмеймін.
Білім бөліміндегілер Қостанай ауданындағы 46 мектептің 7-уінің ғимараты талапқа сай келмейтінін айтады. Бұл мәселені біртіндеп реттейміз, дейді.
Айгүл Хасанова, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:
Біз бұл проблеманы білеміз. Бюджеттік тапсырыс беріп ғимаратты техникалық зерттеуден өткіземіз. Әрі қарай не істеуге болатыны содан кейін шешіледі.
Бірақ ескі ғимарат жөндеуге келмесе оның орнына жаңасы салынуы неғайбыл. Айгүл Хасанова «Одан гөрі арнайы көлік шығарып оқушыларды көрші ауылға тасымалдаған тиімді» дейді. Ал тұрғындар мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы. Олар ауыл өсіп-өркендеуі үшін заман талабына сай жаңа мектеп бой көтергенін қалайды.
Дәуренбек Әбдібек