Елдің орталық өңірлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында салынған Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасын жаңғырту үшін 67 млрд. теңге қажет. 25 жылға арналған сорғылар мен агрегаттар 60 жылдан бері ауыстырылмай, үздіксіз жұмыс істеп тұр. 450 шақырымды алып жатқан үлкен арнаны жаңғыртпаса, бірнеше облыс таза сусыз қалуы мүмкін дейді мамандар.
Қарт Ертістен бастау алатын канал суы кенщілер қаласы ғана емес, Қарағанды мен Елордаға да барады. Жолшыбай 22 су сорғы станциясы,71 агрегат бар. Бұл күнде жабдықтардың 90 пайызы тозған.
Марат Мәкенов «Қ. Сәтбаев атындағы су арнасы» РМК ПОФ директорының орынбасары:
55 жылдан аса уақыт ішінде олар ескірді. Жаңалап құру, жаңалап жасау, модернизация дейміз ғой, соған 67 млрд. теңгедей ақша керек. Ал, бұндай қаражат қазір филиалдың қалтасында жоқ. Барлық өкілетті органдар, жоғарыдағылар бәрі біледі.
Өткен жылы облыс аумағындағы 2-ші су сорғы станциясына найзағай түсіп, агрегаттар жанып кетті. Екібастұз қаласын ауыз сумен қамту қиынға түсіп, төтенше жағдай жарияланды. Резервтен 250 млн. теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары 10 тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілді. Себебі, МАЭС-1 стансасы мен өңірдегі кен орындары, өндірістік кәсіпорындар жұмысы тоқтап қалатын еді.
Алексей Баталов,«Қ. Сәтбаев атындағы су арнасы» РМК бас директорының кеңесшісі:
Жылына 2 млрд. теңге модернизациялау жұмыстарына бөлініп отырса қауіптен құтылар едік. Бұл канал тек қана ауыз сумен қамту емес, егіншілік, малдың жем азығын дайындау бағытында да аса маңызды нысан екенің айтқым келеді. 1600 адам осы каналда жұмыс істеп, отбасын асырап отыр.
Каналды 2030 жылға дейін модернизациялаудың кешенді жоспары дайын тұр. Бірақ қаржы мәселесі кейінге шегеріле береді.
Ербол Салықбаев «Қазсушар» РМК бөлім басшысы:
Мемлекет тарапынан жұмыс жасап жатырмыз. Оны тариф есебінен жаңарту мүмкін емес. Себебі, тарифтің үлкен қымбаттауына алып келеді. Ол өз кезегінде шаруаларға ауыр тиетін болады. Өнеркәсіптерге ауыр болады. Сол себепті қазіргі таңда мемлекет тарапынан қаржы бөлуді қарастырып жатырмыз.
Канал құрылысы басталған 60 жылдан бері тек электр жүйесі ғана жаңартылған. Сорғылары мен агрегаттары кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Бұл резервтік қоймасы бар елді мекендер үшін аса қауіпті емес. Ал, суды каналдан тікелей алып өндіріске пайдаланатын кәсіпорындарда бірден апаттық жағдай туындайды –дейді Қаныш Сәтбаевпен бірге кешенді құрылысты бастаған ардагер Алексей Баталов.
Болат Аманбаев
