Павлодар мектебінде өрт шығып, 551 бала эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар мектебінде өрт шығып, 551 бала эвакуацияланды

21.04.2022

Павлодарда тағы бір мектепте өрт шықты. Төрт қабатты ғимараттың төбесінен от шыққан. Бірден лап етіп, 200 шаршы метрге жуық аумақты шарпыды. Жалын тұтанып, түтін жайыла бастасымен-ақ оқушылар мен мұғалімдер, барлығы 576 адам сыртқа шығарылды. Дерекке қарағанда, ұстаздардың біріне иіс тиіп дәрігерге жүгінген. Қазір өрттің қоламтасы сөндіріліп жатыр. Бұл ретте өткен аптада облыс орталығында тағы бір мектеп жанғанын айту ләзім. Бұл екі білім ошағы да жақында «Заманауи мектеп» жобасы бойынша күрделі жөнделген болатын. Кейбір деректерге қарағанда сәуір айында Құқық қорғау органдары оларға бөлінген қаржының қаншалықты мақсатты жұмсалғанын тексеруді бастаған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу