Украиналық сарбаздар Мариупольдағы «Азовсталь» зауытын өз еркімен босатудан бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украиналық сарбаздар Мариупольдағы «Азовсталь» зауытын өз еркімен босатудан бас тартты

19.04.2022

Украиналық сарбаздар Мариупольдағы «Азовсталь» зауытын өз еркімен босатудан бас тартты. Осыдан кейін Ресей әскері кәсіпорынды басып алуға кіріскен. Әскери қақтығыс құрбандарының да саны артқан. Бұл туралы біріккен ұлттар ұйымы жаңа дерек келтірді. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Украина аумағында Донбасс үшін қиянкескі ұрыс басталды. Ресей күштері таңертеңнен бері 480 шақырымға созылған майдан шебіндегі қорғанысты бұзып өтуге әрекеттеніп жатыр. Луганскідегі 18 мың тұрғыны бар Кремнина қаласы ресейлік күштердің бақылауына өткен. Ресей әскері Мариупольдағы «Азовсталь» комбинатын да шабуылдауға көшті. Бұған дейін зауыт қорғаушылары өз еркімен берілу талабына құлақ аспай, қару тастаудан бас тартты.

Александр Штупун, Украина қарулы күштері бас штабының баспасөз хатшысы:

Батыр Украина халқының Ресейдің басып кіруіне қарсы тұруы 55-күнге ұласты. Дұшпан Донецк және Луганск облыстарын толық басып алуды, оларды Қырыммен жалғайтын құрлық жолын ашуды көздейді

Соңғы апталарда Ресей күштері Киевтен кетіп, бар күшін елдің шығысына жұмылдырды. Егер бүкіл Донбасты жаулап алатын болса, онда президент Владимир Путин Украинада қандай да бір жетістікке қол жеткізген болып саналады. Мәскеудің содан кейінгі мақсаты – Қырым тәрізді Донецк пен Луганск облыстарын да аннексиялау дейді кейбір сарапшылар.

Сергей Шойгу, Ресей қорғаныс министрі:

Батыс елдері Украинадағы әскери операцияны ұзаққа созу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Шетелден қару-жарақ тасымалдау көлемі артты. Осы арқылы Батыс елдері Киев режимін соңғы украиналық қалғанша соғысуға итермелеп отыр.

БҰҰ-ның жаңа мәліметінше, Украинада қарулы қақтығыстан қаза тапқандар саны 2 мыңнан асқан. 5 миллионға жуық тұрғын елін тастап кеткен. Украиналық босқындардың 90 пайызы - әйелдер мен балалар.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу