Ақмола облысында пай үлесінен қағылған тұрғындар наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында пай үлесінен қағылған тұрғындар наразы

18.04.2022

Ақмола облысында пай үлесінен қағылған тұрғындар арнамызға шағымданды. Олардың көбі жерінен қалай айырылып қалғанын да білмейді. Енді біреулері тиісті дивидендтерін ала алмай жүргенін айтады. Қазіргі уақытта облыстың 7 ауданында 13 серіктестік мен тұрғындар арасында дау туындаған. Бұл жергілікті атқарушы органдарға белгілісі ғана.

Зеренді ауданына қарасты Қостомар, Исаковка, Ұялы ауылдарының тұрғындары кезінде жерлерін бір шаруашылыққа біріктірген. Алайда, пай үлестерін алмағалы 20 жылдан асыпты.

Қайырбек Қасенов, Қостомар ауылының тұрғыны:
Мен қол қойып ешкімге жер берген жоқпын. Міне, күллісі берген жоқ. Соны бәрін сыртымыздан қол қойып, сыртымыздан нетті.
Айгүл Бауденова, Қостомар ауылының тұрғыны:
Мен акционермін. Менің әкем марқұм уже қайтыс болып кетті. Бірақ та балаларымыз каждыйымыздың өзіміздің пайымыз бар да, жеріміз бар да. Сол жерімізден пай көрмейміз. Жерімізді қайтарыңыздар. Пайымызы беріңіздер!

Тілші: Қазіргі уақытта жерді пайдаланып отырған серіктестік жұмысымыз заңды деп отыр. Қарызға батқан тұтас шаруашылықты сатып алған.

Еркебұлан Әлібаев серіктестіктің заңгері:
Қазіргі осы жер пайдаланушы ЖШС-тің иесі 6-ыншы адам. Түсініңізші, оның алдында, бұл кісінің алдында 5 адам болған. Оның барлығы бұл істі жүргізе алмаған. Соның салдарынан бұл ТОО бір адамның қолынан бір адамға көше берген.

Мұндай жағдайлар көп кездеседі. Негізінен жер тұрғындармен келісілмей банкке кепілдікке қойылады. Кейін шаруашылық қарызды өтей алмаған соң, үшінші тұлғаларға сатылып кетеді. Осы уақытта шартты жер үлескерлерінің құқықтары жойылады, - дейді мамандар. Демек тұрғындар жерден айырылады. Бұл саладағы тағы бір мәселе үлескерлердің серіктестік құрамынан шығуы. Мысалы, Бурабай ауданының Веденовка ауылының азаматтары жерлерін бөліп ала алмай жүр.

Иван Кулевец, Веденовка ауылының тұрғыны:
Біз өз жерімізді өзіміз пайдаланғымыз келеді. Сол арқылы мал асырып, күн көреміз. Қазір беріледі үлесіміз мүлдем аз. Төрт түлікті бағуға жетпейді. Құжаттардың барлығы серіктестікте, бізге бермейді.

Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл жағдайда шарасызбыз дейді. Тек медиатор ретінде іске араласады.

Кенеш Әлімжанов, Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл азаматтық құқықтық қатынастар. Біз бір тарапқа артықшылық бере алмаймыз. Қазіргі уақытта әр ауданда жұмыс топтары құрылған. Олар проблемалық жағдай болғанда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Шартты жер үлескерлерінің мәселелері сот арқылы ғана шешіледі.

Осылайша, қазір сотқа жүгінуден басқа амал жоқ. Ал осы уақытқа дейін банкте кепілдікте болған шаруашылықтың үшінші тарапқа сатылып, бірақ кейін сот арқылы жерді тұрғындарға қайтару жағдайды тіркелмепті. Сондықтан көпшілік бұл мәселені шешу үшін республикалық деңгейде бір шешім қажет дейді. Себебі бұл тек Ақмола облысындағы ғана жағдай емес.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу