Бұған дейін әлемдік медицинада кеңінен қолданылып келген құрастырмалы темір науқас еміне кері әсерін тигізген. Әрі бағасы да қымбат. Ал, жаңа әдіспен жасалған имплант сүйектері баланы аяғынан нық тұрғызып, жүруге жәрдемдеседі. Мұндай тіреуіш темірге еліміз бойынша ондаған бала зәру болып отыр.
Туғанынан жетілмеген остеогенез дертіне шалдыққан Рамазан Есмағанбетов жылжып тұратын импланттың болмауынан бойы өспей қалған. Сүйегі 80 рет сынса да сағы сынбаған бала бүгінде редакцияда еңбек етеді. Білім мен өнерге құштар жан «дертіме дауа таппай, бармаған жер баспаған тауым қалмады» дейді.
Рамазан Есмағанбетов, студент:Сол қолда қазір кейбір ақаулықтар бар. Қазір енді оның көмегі әлсіреп қалды. Өзім бұрын түсе алатынмын.
Бүгінде елімізде 16 жасқа дейінгі 80-нен астам бала жетілмеген остеогенез диагнозымен тіркеуде тұр. Оларға салынған имплант қозғалмайды. Сондықтан оны жиі ауыстырып тұруға тура келеді. 5 жылдан бері осы ауруды зерттеген дәрігер Болат Досанов алғашқылардың бірі болып «хрусталь балаларға» ота жасаған. Аурудың қыр-сырын зерттеген ол жеңіл темірден жылжымалы имплант ойлап тапты. Отандық өнертапқыштың қолынан шыққан темір имплант сүйектің өсуіне кедергі келтірмейді. Өзіндік құны да шетелден келетін құралдан арзан.
Болат Досанов ойлап тапқан тың жобасын ғалымдар кеңесінде сәтті қорғап шықты. Енді медицинада қолдануға рұқсат алған дәрігер ол имплантты ондаған балаға орнатпақшы. Жаңа ортапедиялық құралды аяқ-қолының сүйектерін сындырып алған жасөспірімдерге уақытша сала тұруға да болады.
Сәбит Әлдебай