Елордада көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылуы мүмкін

15.04.2022

Елордада көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылуы мүмкін. Өйткені, нысан көршілес үйлерге тым жақын салынып жатыр. Қазір қалалық тиісті басқарма тексерісті бастады. Егер заң бұзушылық анықталса, компанияға қатысты іс қозғалады. Жалпы соңғы кездері ел бойынша рұқсатсыз құрылысқа қатысты шағым көбейген.

Елорданың қақ ортасы - сол жағалау. Жағалай құрылыс. Көпқабатты мына үйде жұмыс қызған. Бірақ, тұрғындар наразы. Іргелес үйге тым жақын - нормаға қайшы деп отыр.

Айнат Кендіров, тұрғын:
Негізі күннің сәулесі түсуі тиіс өзінің нормасы бар ғой. Енді ол сақталмайтын болып тұр. Екіншіден, есік алдында көлік толық. Автокөлік жүрісі көп болғандықтан балаға қауіпті.
Әбдімәжіт Әбдіқасымов, тұрғын:
Негізі бас жоспар бойынша қалалық емхана болады деген. Өзіңіз қараңызшы қандай тығыз орналасқан соң, жақын арада емхана жоқ. Мектеп те күрделі мәселе. Үш ауысымды мектепке бала сыймай жатыр. Балаларымызды қайда апарамыз? Бұл жерге емхана мен мектеп керек.

Расымен, бас жоспар бойынша бастапқыда емхана болуы керек екен. Бірақ, құжат былтыр өзгертілген. Тұрғын үй салуға рұқсат бар. Алайда келісім алғаннан кейін ғана жұмысқа кірісуі тиіс-тін. Компания оны елемей, құрылысты бастап кеткен.

Нұраділ Ғалымжан, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
Құрылыс салушының қолында тек қана сәулет жоспарлау тапсырмасы бар. Және де барлық құжаттарды жинамайынша құрылыс бастауға құқығы жоқ. Қазіргі таңда құрылысшы тек қана 1-сатыдан өтті. Ол сәулеттік жоспарлау тапсырмасы. Құрылысты бастауға рұқсаты жоқ.

Жауапты мекеме тексеріс бастады. Қазірдің өзінде құрылыс бастауға рұқсаттың болмағаны анық.

Рауан Қуанов, Қалалық орта сапасын бақылау басқармасының бас маманы:
Тексерудің нәтижесі бойынша анықталған заң бұзушылық болған жағдайда, басқарма мен құрылыс салушыға осы анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама беріледі. Құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылады. Егер нұсқаманы орындамайтын болса сотқа беріледі.

Құрылыс компаниясының бұған өз уәжі бар.

Артур Танташев, құрылыс компаниясының өкілі:
Құрылыс бойынша құқықбұзушылық жоқ. Жоспар бойынша 12 қабатты үй салуға құқымыз бар. Бірақ, көрші үйлерге күн түсуі үшін 7, 9 қабатты үй салуға шешім қабылдадық.

Бұл тұрғын үйге қатысты шешім келер апта шығады. Көріп отырғандарыңыздай үйдің біраз бөлігі салынған. Бірақ, бұған қарамастан құқықбұзушылық анықталса, құрылыс тоқтайды. Жалпы, соңғы уақытта ел бойынша рұқсатсыз құрылыс жүргізу фактілері көбейіп кеткен. 3 ай ішінде 600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Енді бақылау күшейтіледі. Мұны индустрия және инновациялық даму министрі өзі жеке қадағалаймын деп отыр.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу