Қауіп сейілді: БҚО-да Чинарёв ауылының тұрғындары үйлеріне оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауіп сейілді: БҚО-да Чинарёв ауылының тұрғындары үйлеріне оралды

13.04.2022

Батыс Қазақстан облысындағы Чинарёв ауылының тұрғындары үйлеріне оралды. Олар өткен түні шұғыл түрде көшірілген еді. Себебі өңірмен шектесетін Ресейдің Орынбор облысы аумағындағы бөгетті су шайып кеткен. Салдарынан Елтышевка өзені арнасынан асып, ауылды су басу қаупі төнген. 20 адам мәдениет үйіне, ал 12 тұрғын құтқарушылардың арнайы техникасында түнеді. Қалған 115 адам өз беттерімен көрші ауылдағы туған-туыстарының үйіне орналасты.

Балжан Мырзашева, Чинарев ауылының тұрғыны:

Кеше осындай жағдайда болысқан, жылы жерге бізді шығарған, жылы жерде отырып, таңертең әкеліп тастады үйге. Аман-сау шықтық. Көп-көп рахмет сол жігіттерге.

Елді мекенге Оралдан 60 қа тарта құтқарушы мен техника, құрал-жабықтар жеткізілді. Үш бақылау бекеті орнатылды. Ауыл маңындағы су деңгейі 1 метрден 40 см-ге дейін түсті.

Көрші елдегі бөгеті бұзылған су қоймасында 8 млн текше метрдей су бар. Шайылған аумақтың ені - 7-8 метр. Су Елтышевка өзені бойымен ауылдың тұсынан өтіп, Жайыққа келіп құяды. Қазір бөгет қалпына келтіріліп жатыр.

Нұралы Мусиев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

Су басу қаупі туындаған болатын. Тез арада алдын алу шаралары ұйымдастырылып, 1200-ден астам қапшық орнатылып, топырақты үйіп, уақытша қорғаныс бөгеттерін құру жұмыстары жүргізілді. Су басу қаупі сейілді және су басу фактілеріне жол берілген жоқ.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу