Пәкістанда мыңдаған адам шеруге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пәкістанда мыңдаған адам шеруге шықты

11.04.2022

Пәкістанда сан мың адам шеруге шығып, биліктен аластатылған бұрынғы премьер-министр Имран Ханға қолдау білдірді. Мұндай акциялар елдің бірнеше қаласында өтті. Демонстранттар қолдарына Ханның партиясының туын ұстап, экс-премьердің тағдырына қатысты соңғы сөзді халық айтсын деп ұрандатты. Имран Хан парламентте 13 сағатқа созылған сессия нәтижесінде қызметінен босатылды. Себебі оның үкіметіне заң шығару органындағы 342 депутаттың 174-і сенімсіздік білдірген. Хан бұған дейін Ауғанстанда тәліптердің Кабулды басып алуын қолдап, АҚШ-пен тайталасты. Сондай-ақ ол Вашингтонды өзін биліктен құлатпақ деп айыптады. Алайда АҚШ мұны мойындамай отыр. Болжамдарға қарағанда, бүгін парламентте дауыс беру процедурасы өтіп, онда 70 жастағы оппозиционер Шариф Шехбаз жаңа үкімет басшысы атануы мүмкін. Шехбаз – Пәкістанда 3 рет премьер-министр болған Наваз Шарифтің туған інісі.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу