«Жаңа толқын-2014» байқауын Ұлттық арна тікелей эфирде көрсетеді. «Қазақстан» РТРК» АҚ алғаш рет Қазақстан аумағында «Жас толқын-2014» XIII жас орындаушылар конкурсын тікелей эфирде көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Бұл туралы телерадиокорпорацияның баспасөз хатшысы Рауан Есқали мәлімдеді.
Байқау дәстүр бойынша 22-27 шілде аралығында Латвияның Юрмала қаласында өтеді. «Дзинтари» концерт залында болып жатқан қызықтарды қазақ тілінде журналист Асхат Садырбай және отандық эстрада жұлдыздары тарататын болады.
«2014 жылы байқауға қатысуға әлемнің 45 елінен 15 мыңнан астам жас талант өтініш берді. Алайда, финалға 13 елден тек 16 қатысушы ғана жетті. Қазақстан атынан 2005 жылы Superstar.KZ байқауында танылған Әлішер Кәрімов шығады. Ол мұндай халықаралық байқауларда тәжірибесі бар әнші», делінген хабарламада.
Әнші 2011 жылы XX «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Қазақ елі атынан шығып, 3-ші орынға және «Ресейлік БАҚ атынан арнайы сыйлыққа» ие болған. Сондай-ақ, Әлішер «World Champion ships of Performing Arts» (АҚШ, 2007 жыл) сыйлығының және «Ереван шақырады - 2012» халықаралық поп-музыка фестивалінің 3-ші орын иегері. Жақында ол «Шүкір» атты үшінші альбомын жарыққа шығарды.
БАҚ ақпаратына сәйкес, Қазақстан байқауға 12-ші рет қатысқалы отыр. Бұдан бұрын «Жаңа толқынға» Қазақстан атынан Ділназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, Rin’Go тобы және ADAM қатысты.
Әлішердің продюсері Алтынбек Рахметовтың айтуынша, конкурстың бірінші күнінде әнші әлемдік хит Адриано Челентаноның «Confessa» әнін шырқайды. Екінші күні украиналық әнші Татьяна Ширкомен дуэт құрып, ән айтады. Ал конкурстың үшінші күнінде қатысушылар жаңа ән орындауы шарт.
Бұл күні Әлішер конкурсқа арнап жазылған жас ақын Талант Арғынғали мен композитор Ғалымбек Исмбергеновтің «Әрине» әнін орындайды. Бұдан бұрын әншінің конкурс барысында Роза Рымбаеваның «Әлия» әнін орындайтыны хабарланған болатын.