Ақтөбеде бард әншілер фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде бард әншілер фестивалі өтті

19.07.2014
Ақтөбеде бард әншілер фестивалі өтті

Ақтөбеде «Дала аккорды» атты халықаралық фестиваль өтуде. Үшінші жыл ұйымдастырылған шара Ақтөбе қаласының 145 жылдығына арналған.

Ақтөбелік авторлар, шетелдік орындаушылар тобы мен түрлі клубтар үш күн бойы Сазды су қоймасының маңын гитарамен әнге бөлейді. 100-ге жуық орындаушы отбасы, достарымен жиналған.

Шатыр тігіліп, сахна құрылған. Демалыспен ұштасқан байқауда арнайы шеберлік сабақтары өткізіліп, жас ақындар сынға түседі.

Шығармашылық адамы еркіндікке құмар. Сондықтан мұндай фестиваль шабыт бере түседі, дейді Мәскеуден келген Александр. Ол ТМД аймағында болатын бард әндер байқауынан қалған емес. Әр сапардан соң жаңа өлеңдер жазылып, ән туады.

Александр Софранов, қатысушы: 

Бұл деген өзін-өзі дамыту. Орындаушылар мен өлең жазушылар бір-бірімен келісіп, ортақ дүние пайда болады. Мұндай фестиваль үшін мен жұмысымды екінші орынға қоюға бармын. Бұл жанның қалауы.

100-ге жуық қатысушының арасында жастар да бар. Енді ғана гитара ұстап, өлең жазып жүргендер үшін бұл фестиваль зор мүмкіндік. Олар поэзия мен музыкаға деген жоғары талғам қалыптастырып, эстетикалық тәрбиеге үйренеді.

Маржан Қорғанбаева, Ақтөбе қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

Жолын білетін жандар біздің жас өнерпаздарға сабақ береді. Бір- бірімен жалғасын табады. Әрине, өнер фестивалі болғандықтан бір-бірімен танысады. Болашақта басқа да жерде өтетін үлкен шараларға бірге қатысады.

Фестиваль 7 бағыт бойынша өтеді. Түрлі жанрда ән шырқалады. Қазақстанның әр түпкірі мен Ресейден келген қатысушылар Ақтөбе қаласына арнау орындайды.

Үздіктері түрлі номинация бойынша марапатталады. Дәстүрлі шара келер жылы да жалғасын табады. Ұйымдастырушылар қазақтілді орындаушылардың белсенділігін арттыруға күш салмақ. 

Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу