Сайлау науқаны да сандық жүйеге көшірілуі тиіс. Бұл бір жағынан ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Қостанайлық депутаттар өңірде жұмыс сапарымен жүрген Орталық сайлау комиссиясы төрағасына осындай ұсыныс айтты. Нұрлан Әбдіров бүгін аймақтағы белсенді жастармен кездесті. Басқосуда кейінгі толқынның қоғамдық жұмыстарға, елдегі саяси науқандарға етене араласуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Ол үшін жастар арасында ашық диалог алаңдарын жиі ұйымдастырудың маңызы зор. Ал дауыс беру құқын пайдаланудағы белсенділікті көтеру үшін заманауи сандық технологияны сайлау процесіне де енгізу қажет.
Жанна Таласбаева, Қостанай аудандық мәслихатының депутаты:
Қазір сандық ғасыр дәуірі. Бүгінгі жас ұялы телефонсыз өз өмірін елестете алмайды. Себебі күнделікті тұрмыстық мұқтаждықтан бастап барлық маңызды істі мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асыруға болады. Сондықтан сайлау науқаны да сандық жүйеге көшірілуі тиіс. Бұл бір жағынан ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді.
Дәуренбек Әбдібек