Енді жұмысқа тұрушылар қағаз құжат жинап әуре болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді жұмысқа тұрушылар қағаз құжат жинап әуре болмайды

05.04.2022

Жұмысқа орналасу процесін жеңілдететін «Электрондық жеке іс» жаңа сервисі іске қосылды. Ерекшелігі сол, енді жұмысқа тұрғандар жұмыс берушіге қағаз құжаттар жинап әуре болмайды. Бұған дейін қызметкерлер біраз құжатты жазбаша тапсырып келген еді. Енгізілген сервистің арқасында жұмыс беруші қызметкердің жеке ісін электрондық форматта алу үшін Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне сұрау салады. Онда қызметкер туралы барлық мәлімет сақталады.

Мәселен, сервис арқылы жұмыс беруші жеке куәлік деректері, фотосурет, білімі және отбасы мүшелері, вакцинация, жұмыс тәжірибесі туралы ақпаратты сұратуға құқылы. Бұдан басқа, сотты болуы-болмауы, психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепке алу, сондай-ақ мүгедектік туралы анықтаманы қарай алады.

Бұл ретте жұмыскерге SMS-хабарлама арқылы немесе Электрондық еңбек биржасы порталындағы жеке кабинетте өз деректерін ұсынуға сұрау келеді. Оң жауап алса ғана, жеке деректер ашылады. «Электронды жеке іс» сервисіне жалған құжаттар енгізу мүмкін емес.


Хабарламаларға жазылу