Қаңтар оқиғасы: 8 ҰҚК қызметкері мен 1 полицей қамалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: 8 ҰҚК қызметкері мен 1 полицей қамалды

04.04.2022

Қаңтар оқиғалары кезінде ұсталғандарға күш қолданып, тергеуде рұқсат етілмеген әдістерге барғаны үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 8 қызметкері ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратура мен ІІМ-нің бірлескен брифингінде мәлім болды. Бас прокуратура бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, 9 лауазымды адам ұсталған. Оның ішінде 8 ұлттық қауіпсіздік қызметкері мен 1 полиция өкілі бар.

Сондай-ақ, ол дәл қазір қамауда отырған күдіктілердің ешбіріне азаптаулар қолданылып жатпағанын ресми мәлімдеді. Қаңтар оқиғалары кезінде қару ұрлағаны үшін 17 адам бас бостандығынан айырылса, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін 152 адам сотталған. Қазір ел бойынша 3702 адам тергеліп жатыр. Полицейлердің айтуынша, қаңтар қырғынында ұрланған қару-жарақтың 1386 данасы табылған. 120 қару түрін азаматтар өз еркімен тапсырған екен. Ал қаза тапқан адамдардың толық аты-жөні бүкіл фактілер анықталған соң жарияланбақ.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы:

Барлығы 1 700 жеке және заңды тұлға қылмыстық істер бойынша жәбірленуші болып танылды. 13 мыңнан астам азаматтан куә және жәбірленуші ретінде жауап алынды. 2400-нан астам сараптама тағайындалды. Полиция органдарының жұмысы, ең алдымен, зардап шеккен азаматтарға, бизнес өкілдеріне жәрдем көрсетуге және келтірілген залалдың орнын толтыру бойынша шараларға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді.


Хабарламаларға жазылу