Жалғыз баспана: Алматыда 5 адамды атып өлтірген Дужновтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалғыз баспана: Алматыда 5 адамды атып өлтірген Дужновтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр

03.04.2022

Алматы қаласы Ақбұлақ ауданында банкке қарызын өтемеген Игорь Дужновтың үйіне жеке сот орындаушысы, полиция қызметкерлері және тағы бірнеше адам баспананы босатуды талап етіп келеді. Қолдарында сот үкімі бар. Алайда тараптар мәмілеге келе алмай Дужнов келушілерге қару кезенеді. 5 адамды жайратып салады.

Екатирина Безлатнева мен Дужновтың адвокаты:
– Ол отбасымен бірге бірнеше жыл бойы күрескен. Бірнеше сот болған. Үкіметке дейін арыз жазған. Бірақ ешкім оның айқайына құлақ аспаған. Кейін ол осындай әрекетке барды. Иә, қылмыс жасады. Бірақ оның әрекетінен кейін заң өзгерді, реформа басталды. Банктердің де саясаты өзгерді.

Николай Харченко және Дужновтың адвокаты:
– Бұл жағдай біздің заңдағы кемшіліктердің біразының бетін ашып берді. Мысалы, Дужновты үйден шығару кезінде заң талаптары сақталмаған. Біз қазір осы мәселені көтеріп жатырмыз. Мен бұл жерде қорғалушымды 5 адамның өлімінен ақтап отырған жоқпын. Бұл оқиға сеңнің қозғалуына себеп болды. Тура осыған ұқсас оқиғалар еліміздің басқа өңірлерінде болып жатқаны анық.

Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Даулы үйге байланысты мәселе әлі шешілмеген. Алайда 5 адамның қаны төгілген осы оқиға тұтас жүйенің өзгеруіне себепкер болды. Мәселеге Президент өзі араласып, борышкерді жалғыз баспанасынан шығармау туралы заң жобасын қарастыруды тапсырды. Ал жаңа ереже қабылданғанша шикі жүйенің зардабын тартатындардың саны азаймайтын сияқты.

Әділет министрлігі берген ресми ақпарат бойынша, республика бойынша тек 2021 жылы 1096 отбасы баспанасынан мәжбүрлеп шығарылған. Ал жеке сот орындаушылары сауда-саттық рәсімі, яғни аукцион арқылы 4300-ге жуық баспананы сатып жіберген.
Кейбір заңгерлер үйсіз жандардың санын көбейтпес үшін кепілге қою ережелерін өзгерту керек деген ұсыныс айтып отыр.

Ақжамал Мамытбекова, Алматы қаласы заңгерлер палатасының мүшесі|:
– Жалғыз баспана болатын болса, онда ол баспананы кепілге қоюға тыйым салу туралы заң қабылданса, бізге де, халқымызға да өте оңай болар еді.

Жалғыз баспанасынан ешкім оңайлықпен бас тартпайтыны анық. Сот орындаушыларының айтуынша, үйді босату әрекетінің барлығы үлкен даумен аяқталады.

Ерлан Оңтаев, Нұр-Сұлтан қаласы Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:
– Тұрғын үйден өз еркімен ешкім шығып кетпейді. Қанша жылдан бері тұрып жатқан үйі. Өзінің мүлкі болды. Қанша жерден сауда саттықта сатылса да, әр адамның ішінде сонымен келіспейтін өзінің келіспеушілігі тұрады.

Ал дау бар жерде әркімнің өз шындығы болатыны анық. Заңды бақылау болмаса, қызмет бабын асыра пайдалану әрекеті болмайтынына кім кепіл?!

Ләззат Сүлеймен,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Халықтың айтып отырған арыз-шағымы бұл жеке сот орындаушылары өте көп еркін тәуелсіз қызмет атқарады. Олардың қызметінде заңның орындалуына мемлекеттен бақылау жоқ. Олардың кәсіби біліктіліктері төмен. Содан кейін сыбайлас схемалар пайдаланылады деген сияқты арыз-шағым айтылады.

Ал сот орындаушылары керісінше, заңда біздің қауіпсіздігіміз қарастырылмаған, басымызды бәйгеге тігеміз деп шағымданады.

Ерлан Оңтаев, Нұр-Сұлтан қаласы Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:
– Өміріне қауіп төніп жататын жағдайлар да болады. Полиция қызметкерлері арашалап алады деп айта алмаймын. Өйткені олардың ондай бізде ондай құқық жоқ дейді. Тек қарап тұрады. Құқық бұзушылықтар басталған кезде ғана олар өзінің заңда бекітілген әрекетін жасауға ұмтылады.

Кепілде тұрған мүлікті бағалауда да біраз кемшіліктер бар. Кәсіпкер Асқар Бармамбеков 2005 жылы Талдықорғандағы диірмені мен Алматыдағы пәтерін кепілдікке қойып, банктен 68 млн теңге несие алады. 2014 жылы кәсібі тоқырауға ұшырап, несиесін төлей алмайтын жағдайға жеткен. Екінші деңгейлі банк бірден сот арқылы диірменді өз балансына өткізіп, сатып жіберген. Мүлкімді өзіме сатуға мүмкіндік берілмеді. Ал өздері диірмен кешенін тым арзан бағалады дейді.

Асқар Бармамбеков, кәсіпкер:
– Залогта тұрған менің затымды 6 есе бағамен төмен түсіріп, өздері сатып алды да оны басқа біреуге сатып жіберді. 09:39 Бүгінгі күнге оның бағасы млнға жуық тұрады. Мен оны қазір сатсам ол тез сатылып кететін зат. Мен сатсам оны жаңағы банкінің қарызын 3 есе жабады. Оны қоймай банк менің осы жердегі квартирама претендовать етіп отыр.

Осылайша қарызын толық жабуға мүмкіндігі бола тұра, кәсіпкер баспанасынан да айырылып, далада қалуы мүмкін. Осындай оқиғалар жиілеп, шағымдар көбейген соң мүлікті бағалау агенттіктеріне деген талап күшейді.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Үйлерді бағалау 50 пайыздан 75 пайызға дейін көтерілді. Екіншіден борышкерлер бағалаушыларды өздері таңдай алады. Үшіншіден, бағалаушылардың қызметіне бақылау қойылды.

Жыл басынан бастап жалғыз баспанасын тәркілеуге байланысты заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Борышкерді бірден далаға қуып шықпай, баспанасын өз еркімен сатуға 3 ай уақыт беріледі. Егер өткізе алмаса, мәжбүрлеп тартып алады. Дегенмен әлеуметтік осал топқа жататын адамдар қыс уақытында үйінен шығарылмауы тиіс.

Осындай жеңілдікті пайдаланып отырғандардың бірі – көкшетаулық Наталья Осиненко. Өзінің айтуынша, 2002 жылы қаланың орталығынан 2 бөлмелі пәтер сатып алған. Ол кезде Ресей азаматы болғандықтан мүлікті өз атына тіркей алмай, енесінің атына жаздырады. 18 жыл алаңсыз тұрып, пәтерді өзіне аудармақ болады. Бірақ шырғалаңнан-шырғалаң, не керек, пәтер өзінікі екенін дәлелдей алмай, бүкіл соттан жеңіледі.

Наталья Осиненко, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Қазір маған жылыту маусымы аяқталғанша пәтерде тұра тұруға рұқсат етіп отыр. Зейнеткер болғаным үшін ғана осындай жеңілдік берді. Сосын шығарап тастамақшы. Ал көршілерімнің сөзін, пәтердің бұрынғы иесінің сөзін, оның телефон арқылы бұл менің пәтерім екенін мойындағанын ешкім негізге алып отырған жоқ.

Қазір Парламентте жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға қатысты тағы бір заң жатыр. Онда баспанасы алынатын адамдарды далада қалдырмаудың жолдары қарастырылып жатыр.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Үйін тартып алған күннің өзінде шиіттей бала-шағамен далада қалдырмай, оларға мемлекет тарапынан бір баспананы ұсынуы мүмкін. Ол сол үйдің бір бөлігі болуы мүмкін. Қаражатын қайтарып беруі мүмкін. Немесе бір жалдамалы үй болуы мүмкін. Біз үйсіздердің санын көбейтпеу туралы түрлі халықаралық конвенцияларға қол қойғанбыз.

Қазір Парламент депутаттары осы құжаттарды негізге ала отырып, заң жобасын әзірлеп жатыр. Дегенмен тез қабылданбайтын сияқты, өйткені талқы кезінде талас көп көрінеді. Ал оның себебі мемлекет жеңілдігін алаяқтар пайдаланып кету тәуекелі зор. Яғни жаңа заң қабылданғанша әлі біраз адам қоржынын құшақтап далада қалуы мүмкін.

Хабарламаларға жазылу