«Бомба қойылды» деген хабарламалар бес бірдей өңірде тіркелді. Тез арада ондаған ғимарат қоршауға алынып, адамдар эвакуацияланды. Абырой болғанда ғимараттарды кешенді тексеру кезінде ешқандай қауіпті зат табылмаған. Қарағандыда мина қойылды деп телефон соққан 29 жастағы азамат құрықталды. Ол кінәсін толық мойындаған. Ал, ондаған сауда үйіне бір мезгілде хабарлама жібергендерді анықтау жұмыстары жүруде.
Алматыда «бомба» қойылды деген нысандар жіті тексерілді. Тәртіп сақшылары саперлардың көмегімен барлық ғимараттарды қарап шыққан. Ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Бұған дейін мегаполистегі үш банк, екі сауда және ойын-сауық орталығы, әуежай мен бір оқу орнына «бомба» қойылғаны туралы хабар тараған болатын.
Қауіпсіздік мақсатында барлық нысаннан қызметкерлер мен келушілер эвакуацияланды. Халықаралық әуежайдан жолаушылар мен қызметкерлер қауіпсіз жерге шығарылған. Осы жағдайға байланысты 6 рейс кейінге шегерілді. Қазір терминалдар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Анықталғандай ел бойынша 13 сауда үйі мен екі әуежайға келген хабарламалар шетелде тіркелген аккаунттар арқылы жіберіліпті.
Дархан Разуев, ҚР ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы:
Бұл жұмысқа шетелдік әріптестерді де тартамыз. Олармен бізде тығыз қарым- қатынас бар. Бұл қылмыстар ашылады деп ойлаймын.
Жалған ақпардан Нұр-Сұлтандағы сауда орталықтары да дүрлікті. Полицейлер ғимараттарды жіті тексеріп, хабарлама жалған екеніне көз жеткізген. Мұндай жағдай Оралда да орын алды. Белгісіз біреу банк бөлімшесіне бомба қойылғаны туралы хабарлама жіберген. Абырай болғанда бұл ақпарат та расталмады. Ал, Қарағандыда ос жағдайға қатысты 29 жастағы күдікті ұсталды. Одан айғақ заттар тәркіленіп, тергеу басталған. Кінәсі дәлелденсе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дархан Разуев, ҚР ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы:
Бұл ешқандай әзіл емес, осындай қылмыс жасаған адамдар нақты қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚК 273 бабы бойынша, терроризм актілері туралы көрнеу-жалған хабарлама тарату бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Өткен жылдың өзінде осындай баб бойынша 88 қылмыстық іс тіркеліп, 26 адам жауапқа тартылды. Ал, соңғы үш айда осындай 34 жалған хабарлама үшін 8 адам ұсталып, жауапқа тартылды.
Сәбит Әлдебай