Астана мен Алматының ірі сауда орындарының істері сотқа берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана мен Алматының ірі сауда орындарының істері сотқа берілді

28.05.2018

Астана мен Алматының ірі сауда орындары мен базарларына қатысты істер сотта қаралатын болды. Бұл туралы Үкімет үйінде журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді. Министрлікке қарайтын Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің бақылау тексерісі кезінде бұған дейін ескерту жасалған бірнеше сауда орны олқылықтарды жоймағаны анықталған екен. Заңға сәйкес, енді олар әкімшілік тәртіпке тартылып, 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі тиіс. Немесе нысандарға 3 ай мерзімге дейін қызмет көрсетуге тыйым салынуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар комитеті заңды белден басқан сауда орындарының тізімін жариялады. Олардың ішінде Астананың «Аружан» сауда-ойын орталығы, «Елордалық әмбебап жабық базары», «Жастар» сауда үйі, ал Алматы қаласы мен облысы бойынша «Esentai Mall», «Москва» орталықтары мен бірнеше базарда заңбұзушылықтар анықталған.   

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Жалпы, ел бойынша 1243 нысан тексерілді. 15 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып отыр. 19 млн.теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Биыл тексерілген нысандардың саны былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ал, ескерту жасап, олқылықтарды жоюға мүмкіндік берген мекемелерге келетін болсақ, тиісті мерзім ішінде 120 нысанның 98-і талапты орындаған. Ал қалған 22 нысанның үстінен Әкімшілік кодекстің 462-бабына сәйкес іс қозғалды. Енді соттың шешімін күтеміз.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу