Ресей әскерінің қоршауындағы Мариуполь қаласынан шыға алмай жатқан мыңдаған тұрғынды көшіруге 45 автобус жіберілді. Мұны Украина премьер-министрінің орынбасары Ирина Верещюк мәлімдеді.
Оның сөзінше, Халықаралық Қызыл Крест ұйымы Ресейдің бейбіт халықты эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз ашуға келіскенін растады. Ондаған мың адам бірнеше аптадан бері бомбаланып жатқан қаладан кете алмай жатыр. Атысты тоқтата тұру туралы келісімдер орындалмады. Дегенмен, кей мәліметтерге қарағанда, ғимараттарының 90 пайызы қираған Мариупольдің тұрғындары Ресейдің бақылауындағы аудандарға жөнелтілген. Мәскеу үшін Мариупольдің стратегиялық маңызы зор. Ресей оны басып алса, Азов теңізі жағалауында тікелей құрлықтық жол ашылады.
Арыстан Рысбек