Сенатор ауыл шаруашылығы банкін ашуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенатор ауыл шаруашылығы банкін ашуды ұсынды

31.03.2022

Ауыл шаруашылығы банкін ашу керек. Шаруаларды қаржылай қолдамаса төккен тер текке кетіп жатыр. Сенат депутаты осындай ұсыныс айтты. Мәселен, ішкі нарықты 80%-ға күрішпен қамтып отырған Қызылорда өңірінде суармалы жерлерді сақтап қалу өзекті болып тұр. Құбырлар қаражаттың жоқтығынан уақытылы тазартылмайды. Салдарынан қоқысқа толып, жердің сорлануына әкеліп соқтырады.

Дамыған елдерде 1 текше метр суға 4-6 келі ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, бізде 6 есе аз. Ал, 1 келі өнім өндіруге 160-400 литр су жұмсалады. Бізде 1 мың 200 – 2 мың 500 литр су кетеді. Бұған Үкімет назар аударуы тиіс,-деді сенатор. Минералды тыңайтқыштардың қымбаттауы диқандарды титықтатып барады. Биыл баға 3 есе өскен. Отандық аграршылар Еуразиялық экономикалық одақтағы өндірушілермен бәсекеге түсе алмай отыр.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Өйткені, бұл елдердің шаруаларының жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлімшелері барлық аудандарда орналасқан агробанктері қызмет етеді. Осы кезге дейін Парламент қабырғасында бірнеше рет көтеріліп, бірақ шешімін таппай жатқан біздің елімізде де осындай арнайы мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкін ашу мәселесін қарап, оның оң шешілуін бүкіл шаруалар күтіп отырғанына назарыңызды аударғымыз келеді.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу