«Delta Bank» топ-менеджерлеріне қатысты тергеу аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Delta Bank» топ-менеджерлеріне қатысты тергеу аяқталды

31.03.2022

Қомақты қаржы жымқырды деп айыпталған «Delta Bank» топ-менеджерлеріне қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару туралы Президент тапсырмасы аясында жүргізілді. 

Қуан Нұрақын, тілші: 
«Delta Bank»директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Тілеубаев 2012-2017 жылдар аралығында қайтарылмайтын несие беру арқылы банк қаражатын сыртқа шығарып отырған. Осылайша заңсыз несиелер квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың, ірі коммерциялық ұйымдардың депозиттері, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың депозиттері есебінен берілген. Қаржылық мониторинг агенттігі оның және жақын туыстарының жеке активтері мен мүліктеріне тыйым салынды дейді.
Салтанат Көшербаева, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің тергеушісі:
Тергеу барысында күдіктілер мен олардың жақын туыстарының жалпы құны 48 миллиард теңгеден асатын мүлкіне, 5 қант зауытына, 20-дан астам жер теліміне, 70 жылжымайтын мүлік объектілеріне және 40 көлігіне тыйым салынды. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде, Латвия мен Чехия Республикаларында, Ресей Федерациясында орналасқан активтері бұғатталды.
Қуан Нұрақын, тілші:
Банктің топ-менеджерілерінің келтірген залал сомасы 200 миллиард теңгені, 200 миллион АҚШ долларын және 4 миллион еуроны құрап отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді, іс бойынша айыпталушылар қамауда отыр.


Хабарламаларға жазылу