Сәуірдің соңына дейін Қазақстанның күніне 320 мың баррель мұнайы сатылмай қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәуірдің соңына дейін Қазақстанның күніне 320 мың баррель мұнайы сатылмай қалуы мүмкін

30.03.2022

Сәуірдің соңына дейін Қазақстанның күніне 320 мың баррель мұнайы сатылмай қалуы мүмкін. Бұл Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы жөндеуге байланысты. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, оның жалпы көлемі 1,3 млн тонна. Ал ОПЕК+ міндеттемесін еліміз өндірісті қысқарту арқылы өтейді. Терминалдағы бірінші арнайы жабдық іске қосылды. Инспекция айлақтық құрылғы жарамды және мұнай тиеуге болады деген қорытынды шығарған. Айта кетейік, Қазақстан биыл Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақта 87 млн тоннадан аса мұнай өндіруді жоспарлаған. Оның 69 млн тоннасы экспортқа тиесілі еді.

Рашид Жақсылықов, Мұнай-сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы:

Бұл бір айлық көлемдегі шығын болса, Қазақстан шыдап бере алар. Бірақ ұзақ мерзімді болса әңгіме бөлек. Егер дәл осындай жағдай жалғасып, ұңғымаларымызды тұншықтыратын болсақ, оны қайта іске қосу үлкен қаражатты талап етеді

Сарапшы Қазақстан үшін шикізат экспорттауға Баку-Тблиси-Джейхан мұнай құбыры тиімді дейді. Мұнай тапшылығы болуы мүмкін деген қауіп бұған дейін қара алтын құнын 121 долларға дейін өсірген еді. Алайда Қытайдағы карантинге қатысты жаңа шектеулерден соң Brent арзандап, 111 долларға түскен. Қазір бағасы 2 процентке өсіп, 112 долларға сатылып жатыр.


Хабарламаларға жазылу