Қызылорда облысындағы Қамыстыбас көлінде сең жүріп, жағалауды шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы Қамыстыбас көлінде сең жүріп, жағалауды шайып кетті

30.03.2022

Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Қамыстыбас көлінде сең жүріп, жағалауды шайып кетті. Табиғаттың тосын мінезінен жиекте орналасқан 23 кәсіпкерлік нысанға залал келді. Шығын есептеліп жатыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қатты соққан дауылдан көлдегі мұз жағалауға шығып, мынадай тау болып үйіліп қалған. Кейбір мұздың қалыңдығы 50 сантиметрге дейін жетеді. Жалпы мұндай табиғи құбылыс Қамбаш көлінде соңғы рет 1999 жылы болған.

Сірескен сең жағалаудан демалыс орнын салған кәсіпкерлерді шығынға батырды. Қазір әрқайсы өз күштерімен нысандарын мұздан тазартып жатыр.

Сенбай Қошқұлов, кәсіпкер:

Ғимараттың жартысы кеткен. Шығын 1,5-2 млн көлемінде деп есептеймін.Қазір ішінде тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ағайын туысқандар, жолдастарым бәріміз жабылып.

Жалпы соңғы үш жылда көлге бір тамшы су құйылмай өткен жазда жағалаудан 500 метрге дейін қашықтап кеткен еді. Балық аулаумен күнелткен халықтың тіршілігі тұралады. Былтыр қуаңшылыққа байланысты су айдынын толтыру үшін дарияға тоспа салынып, көлге су жіберілді. Ені міне, Қамбаштың тасығанына тұрғындар бір жағы қуанып та отыр.

Алдаберген Исаев, ауыл әкімі:

Құдайдан болып тұрғын құдыреттің бірі ғой. Былтыр су келмеді дедік, биыл су келді. Мынау бізге ескертіп тұрған табиғаттың бір ескертпесі. Қуаңшылықта Аманөткелдің тоспасын істеп, соның арқасында осындай жағдайға келіп жатырмыз.

Мұз шайған жағалауда кәсіпкерлік нысандардан бөлек, демалыс аумағындағы жарық бағаналары мен инфрақұрылымдық жүйелерге де зақым келді. Әзірге, шығын көлемі белгісіз. Ал аудан әкімдігі жағажайды қайта қалпына келтіруге мемлекет есебінен қаржы қаралмайтынын жеткізді.

Қайрат Әбсұлтанов, аудан әкімінің орынбасары:

Жағада орналасқан кәсіпкерлердің нысандары кәсіпкерлердің өздерінің ұсынымдары негізінде өз қаражаттары есебінен қайта қалпына келтіру негізінде ұсыным беріліп отыр. Жалпы жағажайда кәсіпкерлерге берілген барлық жер мемлекеттің меншігінде жалға берілген.

Ал инфрақұрылымдық жүйелерді ауыл әкімдігі мен кәсіпкерлер қайта қалыпқа келтірмек. Шомылу маусымына дейін Қамбаш демалыс орны дайын болмақ.

Әділжан Серікұлы


Хабарламаларға жазылу