Қатты соққан боран елорда тұрғындарын да әбігерге салды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты кеше кешкі сағат жетілерде дабылды ескерту жарияланды. Жедел штаб құрылып, жолда қалып қойған адамдар қар құрсауынан құтқарылды. Мамандардың айтуынша, олардың көбі ескертуге құлақ аспай жолға шығып кеткендер.
Рейстер шегеріліп, кейбірі тоқтатылды
Жойқын жел мен көктайғақ салдарынан қала іргесіндегі ауылдарға автобустардың қатынасы тоқтап қалды. Қолайсыз ауа райы елорда әуежайының жұмысын да тұралатты. Қаптаған жолаушы діттеген жеріне жете алмай өз рейстерін күтуге мәжбүр болды.
Қазір 36 рейс пен 28 ұшақтың кестесі бұзылды. Ал 16 рейс мүлдем тоқтатылды. Ұшып-қону жолақтьарын қардан тазарту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Жолынан қалған жолаушылар билеттің құнын 100 пайыз қайтара алады. Ол үшін билетті сатып алған жерге өткізу керек. Жалпы әуежай түнгі сағат 12-ден штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бірақ, рейстер туралы толық ақпаратты әуе компанияларының колл орталықтарынан алған дұрыс дейді әуежай өкілдері.
12 бағытта пойыздар кешікті
12 бағыт бойынша пойыздар да кешікті. Темір жол вокзалының іші жолаушыларға лық толы. Мұнда екі транзиттік зал бар. Бірі – ана мен бала бөлмесі, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған.
Бүгін түс ауа бір жолаушылар пойызы мен электропойыз кестеден кешігіп қалды. Вокзал басшылығы кешке қарай жағдай толығымен қалыпқа келеді деп отыр.
Толқын Әзімбаева, «Нұр-Сұлтан 1» теміржол вокзалы бастығының кезекші көмекшісі:
Ең ұзағы 4 сағат 53 минутқа кешікті пойыздар». Ол Қызылорда-Павлодар, Алматы-Петропавл пойызы, сонымен қатар Көкшетау-Қызылорда» Транзиттік жолаушылар Қарағындыдан Нұр-Сұлтанға алады, Нұр-Сұлтаннан Петропавлға алады. Сондай транзиттік жолаушылар билеттерін қайтарып, ақшаларын алып жатыр.
«Қазмедиа» орталығында өрт болды
Кеше кешке қарай «Қазмедиа» орталығында орналасқан барлық республикалық телеарналарға жұмысын тоқтатуға тура келді. Себебі, жойқын желдің салдарынан 8 жарымдар шамасында орталықтың паркингінде трансформатор жанған. Тек Ұлттық арна эфирін дереу ретке келтіріп, резервті серверлерден, яғни оң жағалаудағы ғимаратынан хабар таратуға көшті. Қазмедиа орталығында қызметкерлер дереу қауіпсіз жерге шығарылды. Өрт 21:12-де толықтай сөндірілді.
6 мыңға жуық қоңырау түскен
Қалалық жедел штабқа кешелі бері 6 мыңға жуық қоңырау түскен. Құтқарушылар жолда қалған 200-ге жуық адамды қар құрсауынан құтқарды. Оның 56-сы бала. Сонымен қатар, шаһар сыртына шығып кеткен 4 балықшы құтқарылды. Жалпы елімізде бір тәулікте 800-ден астам адам қар құрсауынан шығарылды. Олардың 101-і бала, үшеуі жүкті әйел.
Дарын Сағитов